Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында дәрілік өсімдік жинаған азаматқа айыппұл салынды. Ұлттық парк қызметкерлері аумақты патрульдеу кезінде азаматтың арнайы рұқсатсыз жалбыз жинап жүргенін анықтаған. Оның шамамен 3 келі өсімдік жинағаны белгілі болды.
Іле-Алатау ұлттық паркі ерекше қорғалатын табиғи аумаққа жатады. Мұнда табиғи ресурстарды пайдалануға арнайы талаптар қойылған. Сол себепті парк аумағында заңсыз өсімдік жинаған азаматқа заң талаптары түсіндіріліп, айыппұл салынды.
Іле-Алатау ұлттық паркінің Түрген филиалының эколог маманы Жанаргүл Ниеталиеваның айтуынша, ұлттық парктің ерекше қорғалатын аумағында өсімдік, емдік шөптер мен жидек жинауға болмайды. Ерекше қорғалатын аумақ бақылау-өткізу бекеттерінен басталады және оған Түрген мен Есік шатқалдары да кіреді. Ал өткізу бекетіне дейінгі аумақта, яғни сауда орындары орналасқан жерде тұрғындар жидек пен емдік шөптерді жинауына рұқсат етіледі.
Табиғатты қорғау заңнамасына сәйкес, ұлттық парктердің аумағында белгіленген тәртіпті сақтамай, ағаш және шөптесін өсімдіктерді зақымдауға немесе жұлуға, сондай-ақ олардың жемісі мен тұқымын жинауға шектеу қойылған. Мұндай талаптардың негізгі мақсаты – табиғи экожүйелерді, өсімдіктер дүниесін және биоалуантүрлілікті сақтау.
Сондықтан ұлттық парк аумағында өсімдік немесе жидек жинамас бұрын оның қай аумаққа жататынына және табиғи ресурстарды пайдалануға рұқсат бар-жоғына назар аударған жөн. Заң талаптарын бұзу әкімшілік жауапкершілік жүктейді. «Заң мен тәртіп» қағидаларын қатаң сақтап, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ережелеріне мойынсыну – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың бір көрінісі.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
