Сөзге берік, іске мығым адамдар некен-саяқ. Саналы ғұмырының негізгі денін мемлекеттік қызметке арнап, сенімге селкеу түсірмей, абыроймен атқарып жүрген сондай азаматтарға жолықсаң, әңгімелесіп, сыр ақтарыссаң, жаның жадырап, көңілің бір көркейіп қалады. Іс басындағы тындырымдылығы қиыннан қиыстыра жол таба білетін қарым-қабілетімен жымдасып, діттеген жерден шығып жататынын көргенде жүрегің жылып, кеудең көрікше қызып жүре береді. Мен өзім жиырма жылға таяу уақыттан бері Райымбек аудандық мәслихатының аппарат басшысы қызметін абыройлы атқарып келе жатқан, биыл 63 жасқа толып, зейнеткер атанып отырған Ғабит Сәретбаевты осы санаттағылардың қатарына қосушылардың бірімін. Реті келіп тұрған осы бір сәтте атпал азаматтың өмір жолын қаламға арқау етіп, атына жылы лебіз білдіргенді, еңбек жолын азды-көпті әңгіме арқауына айналдырғанды жөн санадым.
Ғабитті өз басым 40 жылға таяу уақыттан бері білемін. Осы жылдар ішінде саламыз бөлек болса да, күнделікті қызмет бабымен Нарынқолда, Кегенде жиі ұшырастық.
Ғабит 1963 жылы 5 қаңтарда осы Нарынқол ауылында Болат пен Секердің отбасында дүние есігін ашқан. Әке-шешесі бірі – шаруашылықтың сан салалы жұмыстарының басы-қасынан табылса, екіншісі – аудандық «Советтік шекара» газетінде хатшы-машинкашы қызметін атқарды. Аталған екі кісіні де көзім көріп, дәмдес болдым. Тіпті, Секер тәтемен аудандық газетте біраз жыл бірге қызмет істеп, ақыл-кеңесін тыңдадым. Көңілі ақ, пейілі кең, еңбек десе жанын салатын, нағыз істің адамы дейтіндей кісі еді, жарықтық. Ал ерлі-зайыптылардың кіндігінен тараған сегіз баланың тұңғышы, былайша айтқанда 5 ұл, үш қыздың төлбасы, кішкентай Ғабиттың тәлімі мен тәрбиесі әжесі Әуесханның қолында болыпты. Одан ары қарайғы әңгімені Ғабит былайша өрбітеді:
– Атам Ақжолтай деген кісі осы Нарынқол өңірінде туыпты. Есейген шағында әжем Әуесханмен тағдырлары түйісіп, шаңырақ көтеріпті. Жас отбасы жаңа қоғамнан үлкен үміт күтіпті. Отызыншы жылдары жаңа құрылып жатқан «Еңбекші» атты ұжымшарға бір өгіздерін қосып, мүшелікке қабылданыпты. Адамның айтқаны, алдынан күткені бола бере ме? Отбасына бірінен кейін бірі Болат, Қанат деген балалар келген кезеңде сұрапыл соғыс басталады. Зіңгіттей жігіт, бір отбасының арқа сүйеп отырған жалғыз жанашыры Ақжолтай да қатарластарымен бірге қан майданға аттанған. Арада екі-үш жыл өткенде «белгісіз кетті» деген қаралы хабар келіп, онсыз да шықпа жаным шықпамен отырған отбасындағы ауыртпалықты одан әрі қалыңдата түсіпті. Тірі жан тіршілігін жасайды. Небәрі 28 жасында жесір атанған Әуесханға ендігі жерде басқа түскен қайғыға қарсы тұру, қиындықты мойымай көтеру міндеті тұрғаны белгілі. Түн артынан жарқырап күн шығатынын жан-тәнімен сезінген әжем «көппен көрген ұлы тойға» араласқан. Ақжолтайдың артында қалған екі тұяғын ержеткізіп, солардың қызығын көру үшін жанын жалдап, еңбек майданының бел ортасынан табылған. Талдысай аталатын өңірде сиыр фермасында сауыншы әрі есепші болып, Жеңістен кейінгі бейбіт өмірді баянды етуге күш-жігерін жұмсады. Екі баланы қатарларынан кем қылмай өсіріп, немере-шөберелерінің қызығын көрді, – дейді Ғабит балалық бал күндерінде үлкендерден естігенін, көзімен көргендерін тебірене есіне алып.
Бақытын еңбектен тауып, тағдырын тағылыммен тамырластырған отбасында өмір есігін ашқан Ғабиттің 1970 жылы Нарынқол ауылындағы Қазақстанның 40 жылдығы атындағы сегізжылдық мектептің есігін ашқан сәті ерекшелігімен көкірегінде жаттаулы, санасында сақтаулы. Мектеп басшылығы мен ұстаздар өнегелі өмір жолымен отбасының ғана емес, бүтіндей ауылдың анасына айналып, сый-құрмет арқалаған Әуесхан әженің абыройына құрмет көрсетті ме, әлде балдырғанның алғыр шәкірт болатынын кескін-келбеті мен жүріс-тұрысынан таныды ма, алғашқы қоңырау соғу бақытын кішкентай Ғабитке жүктепті. Сол бір сыңғырлаған алғашқы қоңырау үні әлі күнге құлағында. Қоңырауды көкке көтере соғып, қалың қауымның алдынан жүгіріп өткен сәт көз алдында. Осы бір бақытты көрініс мұның соқтықпалы-соқпақты өмірінің мәңгілік бағдаршамы болды. Бала болса да, сол күнгі құрметті өзіне көрсетілген үлкен сенім деп қабылдаған кішкентай жүрек, сенімге селкеу түсірмеуді алдына мақсат етіп қойыпты. Әліппемен достастырып, 42 әріпті үйреткен, сөйтіп, білім бұлағына барар жолдағы тұсауын кескен алғашқы ұстазы Кеңескүл Қуандықова апайы көкірек қоймасында. Күн дидарлы келбетінен мейірім төгіліп тұратын, жүрегі ізгілікке толы сол бір аяулы жан елгезек шәкіртінің әр күнгі сабақты меңгерудегі жетістігін қуана құптайтын. Ақыл-кеңесін айтудан жалықпайтын. Адами құндылық атты ұлағатты ұғымды санасына сіңіруге тырысушы еді. Сынып ішіндегі қоғамдық жұмыстарға да молынан араластырып, тындырымдылығына ризашылығын білдіруден айнымаушы еді. Ұстаз еңбегі далаға кеткен жоқ. Бұл бастауышты кілең «бестікпен», үздіктер қатарында тәмамдады. Әр жылдың қорытындысы бойынша мақтау қағаздарымен марапатталып, сыныптың көшбасшысы атанды. Оқу озатының негізгі мектептегі білім игеру дағдысы да бастапқы қалыбынан жаңылған жоқ. Бастауыштан қабылдап алған сынып жетекшісі Ноян Әбдірахманова да бұған ұлағатты ұстаздық көзқараспен қарады. Озат оқушының бір қалыпты мінезін, жауапкершілікті жете сезінетінін, тәлім-тәрбиесін сыныптастарына үлгі ретінде дәріптеп, негізгі мектепті бітіргенше атына ыстық ықылас білдірумен болды.
Спортты жан-тәнімен сүйді. Атақ-даңқы әлемге кеткен спортшылардай болуды армандады. Дене тәрбиесінің мұғалімі Сабыр ағайынан күрес сияқты күш атасын танытпайтын өнердің қыр-сырын үйренді. Боз кілем үстінде өткен талай-талай бәсекелі жарыста шеберлік көрсетті. Белдесуге шыққан қарсыластарының жауырынын жер иіскетіп, жеңіс тұғырына көтерілді. Волейбол, футбол сияқты талас-тартысқа толы спорт түрлерін де жақсы меңгеріп, мектеп намысын қорғайтын саңлақтардың ортасынан ойып орын алғаны ұмытыла қоймас сірә да! Осы орайда өзін волейбол мен футболға баулыған Роза Мүсірбаевадай жаттықтырушысына деген құрметі айрықша екенін айтқан орынды. 1978 жылы сегіз жылдықты «өте жақсы» деген бағалармен бітірген жасөспірім Алматыдағы есеп-кредит техникумына түседі. Бірақ, осы бір екінің-бірінің қолы жете бермейтін оқу орнының дәм-тұзы тартпаған көрінеді. Оған әжесіне әлі де жұдырықтай көрінетін Ғабиттың сонау «жер түбіне» барып оқуынан жүрексініп, не де болса қасымда болсын деген біржақты түсінігі себеп болса керек.
1978 жылы Нарынқолдың жоғары жағынан жаңа мектеп бой көтерді. Мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың атымен ашылған білім ошағында 9-10-сыныпты жалғастырған ол 1980 жылы орта мектепті санаулы үздіктердің қатарында тәмамдап, Ауыл шаруашылығы институтына құжаттарын тапсырады. Жолы болып, аталған оқу орнының орман шаруашылығы бөлімінің студенті атанады. 1985 жылы «Орман инженері» мамандығын алып шыққан Ғабитке оқу орнынан берілетін жолдама бір қиырдағы Орал облысының Ақжайық ауданынан бұйырыпты. Бұл кез жас жігіт өзінің ауылдасы, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын жаңа алған Роза Жүнісханқызымен отау құрған шағы болатын. Жолдамадан бас тарту заңға қарсы тұрғанмен бірдей. Үлкендердің ризашылығын алып, жас зайыбын қолтықтап, белгіленген мерзімде өзі түгіл ата-бабасы көрмеген Батыс Қазақстан өңірінен табылды. Алғашқы еңбек жолын Ақжайық орман шаруашылығы мекемесінде орманшының көмекшісі болып бастайды. Дегенмен, мұнда көп тұрақтай алмапты. Отбасының жағдайына байланысты өз өтінішімен жұмысынан босап, кіндік қаны тамған атамекені – Нарынқолына қайта оралған. «Келген екенсің, ойбай, мә!» деп, дайын қызметті кім ұсына қойсын?! Мамандығына сай жұмысқа орналаса алмай, сенделіп жүрген күндердің бірінде баяғы өзінің жаттықтырушысы Роза апайы аудандық спорт мектебіне жұмысқа шақырыпты. Сол тұстағы аудандық білім бөлімінің бастығы Ұлықпан Әбек ашып берген еңбек кітапшасымен орманшы емес, білім саласының маманы болып шыға келгенін тағдырдың тартқан сыйындай көргені әлі есінде. Спорт мектебінде футболдан жаттықтырушы болып қызмет істеп жүрген күндердің бірінде өзіне етене таныс, спорт десе, ас ішуді ұмытып кететін, мұның мінез-құлқын, еңбексүйгіштігін, тиянақтылығын жақсы білетін Нарынқол аудандық атқару комитеті жасөспірімдер бөлімінің меңгерушісі Болат Әкімханов аталған бөлімнің комиссиясына жауапты хатшылық қызметін ұсыныпты. Бұл 1986 жылдың мамыражай мамыр айы болатын. Жастық жігері шарболаттай қайнап тұрған, қарым-қабілеті алмастың жүзіндей өткір жас жігіт жаңа қызметіндегі әрбір сәтін айрықша серпіліс, тың ізденістерге арнап, іс тетігін жаңашылдықпен шешуге ден қойды. Сөйтіп, айналасындағыларға ыстық ықылас, пайымды пікір, жақсы түсінік қалыптастырды. Ғабит Болатұлының мемлекеттік қызметтегі алғашқы еңбек жолы, міне, осы жерден бастау алып, жарасымды жалғасуымен өскелең өміріне өрнек тапқан еді.
Іскерлігі мен жауапкершілікті жете сезінуі жас маманның қызметтік арнасын кеңейтуіне, жарқын болуына жол ашты. 1987 жылдың сәуірінен 1990 жылдың қаңтар айына дейін халық депутаттары Нарынқол аудандық кеңесі атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінде инспектор болып қызмет атқарған жылдар Ғабит үшін есею кезеңдерінің баспалдағы іспетті болды. Қызметке келген күннен бастап осы саланың жілігін шағып, майын ішкен аға-тәтелерінің ақыл-кеңесін тыңдап, жинақтаған тәжірибелерін бойына сіңіруге ден қойды.
1990 жылдың қаңтар айынан 1994 жылға дейін халық депутаттары аудандық кеңесінің ұйымдық-кеңес жұмыстары жөніндегі бөлімнің аға референті, бөлім меңгерушісі, 1994 жылдың қаңтар айынан 1997 жылдың маусым айлары аралығында, яғни екі аудан қосылып, әкімшілік басқару орталығы Кегенге көшкенге дейін Райымбек аудандық әкімшілігінің ұйымдастыру-инспекторлық және кадрлармен жұмыс бөлімінің инспекторы, аудан әкімі аппаратының басшылығын ұйымдық-инспекторлық және кадрлармен жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметтерімен қоса абыроймен атқарды. Ауданның ең алғашқы әкімі Ызғарбек Бектұрсынов, орынбасарлары Жетікен Әміреев, Тәңірберген Қасымберкебаев, Мәдени Нұрдәулетов және аудандық мәслихаттың алғашқы хатшысы Мәдениет Ұнасбаев сынды ағаларынан үйренгендері де аз болған жоқ. Ал, адами құндылық атты ұлағатты ұғымды өздерінің бойындағы ерекше қасиеттері арқылы таныта білген, ел сенім артып, арқалатқан жауапкершілік жүгін ауырсынбай көтеруді, халыққа адал қызмет етуді ұлы борыш санаған Ызғарбек пен Мәдениеттей ағаларын өзіне өмірлік ұстаз санайды. Өмірде барына әрдайым құрмет көрсетеді. Бақилық болғанының рухына тағзым жасауды бір сәт те естен шығармайды. Тағы бір айтатын жайт, Ғабит 1993 жылғы кеңестердің кезекті сайлауында аудандық кеңестің ұсынуымен Қақпақ сайлау учаскесінен депутаттыққа түсіп, ХХ сайланған Нарынқол аудандық кеңесінің депутаты болған.
Ауданның әкімшілік орталығы Кегенге көшкенде бұл отбасылық жағдайымен туған ауылында қалып, аудандық орман шаруашылығы мекемесінде мамандығына сай қызметтер атқарып, жүріп жатқан. Күндердің-күнінде Кегеннен мәслихат хатшысы Мәдениет Ұнасбаев телефон шалып, мәслихаттардың өкілеттігі кеңейіп, аппараты ұлғайып жатқанынан хабардар етеді. Өмірден көрген-түйгені мол, қолынан іс келетін азаматтарға әрдайым қамқоршы болып жүретін аңғарлы аға бұған да сенетінін айтып, аппарат басшылығына қызметке шақырады. Бұл 2005 жылдың көгілдір көктемі еді. Міне, содан бергі 21 жыл уақыт аралығында аудандық мәслихат аталатын осынау мәртебелі орынның аппарат басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Мәдениет ағасынан кейінгі Ұлықпан Әбек, Ерлан Құдабаев, Гүлнара Әріпова сияқты мәслихат хатшыларымен тізе қоса еңбек етіп, қызметін бұрынғыдан да жетілдіргенін мақтаныш тұтады. Қазіргі мәслихат төрағасы Самат Мүсірбаев та Ғабиттей іскер азаматтың еңбегін орынды бағалап, оған деген сенімін жоғалтқан емес. Мейлі жай жұмыс немесе қызмет болсын, жеңілі жоқ. Әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі, жауаптылығы, сырт көзге көп біліне бермейтін қыр-сыры бар. Ал, олардың ретін тауып, жүзеге асыра білу мол тәжірибені, асқан жауапкершілікті, талмай ізденуді талап етеді. Ғабит болса, осынау сындарлы кезеңдердің талабына лайықты жауап бере алатын дәрежеден көрінді. Елімізде жүргізіліп жатқан қандай да бір саяси мәселенің мәслихаттан аттап өте алмайтыны айдан анық. Соған сай қаулы, қарар, шешімдер де заңдылыққа негізделе отырып, жүзеге асырылатыны белгілі. Осындай өзекті дүниелердің орынды жүзеге асырылуы аппарат басшысына тікелей қатысты. Асқан жауапкершілікті қажет ететін жұмыстың Ғабиттей іскер жанның қолымен атқарылып келгені тағы да анық. Мұндай мәртебеге ерінбеген еңбектің, талмай талаптанудың, табандылықтың нәтижесінде жеткенін жақсы біледі. Сонымен қатар қызмет барысында өзімен әрдайым пікірлес болған халық қалаулыларына деген ризашылығы шексіз. Шындық, адалдық, адамгершілік, сүйіспеншілік, бауырмалдық сияқты адами құндылыққа толы асыл қасиеттер де негізгі ұстанымына айналған. Жөні бөлек, еншісі ерек осынау асыл қасиеттердің түп негізі бабасы Ақжолтайдан тамыр тартса, әжесі Әуесханның мейірімінен, әкесі Болаттың қаны мен анасы Секердің ақ сүтінен, қызметтес, тілеулес аға-тәтелерінің үлгі-өнегеге толы ақыл-кеңестерінен бастау алатыны талас тудырмайтын айқын дүние.
Бүгінде Ғабиттің мемлекеттік қызмет барысындағы ұзақ жылғы еңбегі атсыз-аяқсыз қалған жоқ. Өңірінде жарқыраған «Үздік мемлекеттік қызметші» сияқты мерекелік төсбелгілері мен медальдары, бірнеше рет марапатталған Алматы облысы әкімінің, Алматы облыстық мәслихаты мен Райымбек ауданы әкімінің Құрмет грамоталары, ҚР Орталық сайлау комиссиясының Алғыс хаттары – аталған сөзіміздің айқын дәлелі. Осының бәрі де нағыз істің адамына көрсетілген зор құрмет екені даусыз.
Нағыз істің адамына айналған Ғабит Сәретбаев өнеге тұтар отбасының да орны бөлек отағасы. Отасқандарына 40 жылға таяған Роза Жүнісханқызындай аяулы жанның асыл жары, өмірлік серігі. Роза да жас буынды білім нәрімен сусындату жолында білім-білігімен танылып, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» атанған, өз ортасында қадір-құрметке ие ұлағатты ұстаз. Екеуінің кіндігінен тараған үш ұл ата-ана тәрбиесін көріп, қадіріне жеткен, барды-жоқты бағамдай алатын көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар. Бәрі де жоғары білімді. Тұңғыштары Жасұлан Ақжолтай Азаматтық авиация академиясының түлегі. Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінде әуеден құтқару қызметінде тікұшақ тізгіндеген. Руслан, Ғани атты ұлдары аудандық спорт мектебінде мамандықтарына сай қызмет істеп жүрген жайлары бар. Үш ұлдан көрген 5 немере – ата-әжелерінің көз қуанышы.
Иә, 63 жасқа толып, зейнеткер атанып отырған Ғабит Сәретбаевты қаламға азды-көпті арқау жасап, ел игілігі жолындағы қызметін тілге тиек еттік. Өрнекті өмірін шама жеткенше баяндауға тырыстық. Баяндай отырып, тәлім болар тәрбиесін оқырман назарына ұсындық. Реті келгенде біз де ардақты азаматқа зор денсаулық, ғибратты ғұмыр, шаңырағына шаттық тілегенді жөн көрдік.
Жұмабек ТҰРДИЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Райымбек ауданы

