«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық қорғау органдары интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтіп жатыр. Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуына байланысты интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының саны артып келеді. Осыған орай, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыру, киберқылмыстың алдын алу және азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
Еңбекшіқазақ ауданы аумағында интернет-алаяқтыққа қарсы профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесулер өткізіп, алаяқтардың жаңа айла-тәсілдері туралы түсіндіруді мықтап қолға алған. Басты мақсат – азаматтарды сақтыққа шақыру және олардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Биылғы алты ай қорытындысы бойынша Еңбекшіқазақ ауданында 235 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, кінәлі тұлғаларды анықтау бағытында кешенді жұмыс атқарылып жатыр.
Бұл жөнінде: «Қазіргі таңда интернет-алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін түрлі психологиялық тәсілдерді қолдануға көшкен. Олар өздерін банк, құқық қорғау органының қызметкері немесе байланыс операторы ретінде таныстырып, жеке мәліметтер мен банк картасының деректерін алуға тырысады. Әсіресе, егде жастағы азаматтар алаяқтардың құрбанына жиі айналып отыр. Сондықтан тұрғындарды сақ болуға, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуге шақырамыз. Ешқашан банк картасының деректерін, SMS-кодтарды немесе жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеңіздер», – дейді Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Әділ Мұқашев.
Мемлекет тарапынан да интернет-алаяқтықпен күресті күшейту бағытында нақты шаралар қабылданып, елдімекендерде жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді. 2024 жылдың 22 шілдесінен бастап Қазақстан Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық банк бірлесіп, «Антифрод-орталық» электрондық платформасын іске қосты. Бұл жүйе күмәнді қаржылық операцияларды жедел анықтауға, заңсыз ақша аударымдарының алдын алуға және алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне енгізілген 232-1-бапқа сәйкес дропперлік қызмет үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Бұл өзгерістер интернет-алаяқтықтың жолын кесуге және қаржы қылмыстарының алдын алуға бағытталған.
«Қылмыскерлердің құрбаны болмаудың ең тиімді жолы – сақтық танытып, жеке мәліметтерді қорғау және күмәнді ұсыныстарға сенбеу. Егер әрбір тұрғын цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтаса, интернет-алаяқтық фактілерінің санын азайтуға болады», – деген Әділ Мұқашев кез келген қаржылық операцияны жасамас бұрын ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеру, тексерілмеген интернет-дүкендер мен сауда алаңдарының қызметін пайдаланбау, банк картасының нөмірін, CVV-кодын, SMS арқылы келген растау кодтарын және басқа да құпия ақпаратты ешкімге хабарламау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және белгісіз тұлғалардың сұрауы бойынша ақша аудармау шараларын қатаң сақтау керектігін тұрғындарға ескертіп, алаяқтыққа тап болған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласып, банктің call-орталығына қоңырау шалу арқылы шоттарды бұғаттауға кеңес берді.
Интернет-алаяқтық – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мәселесі. Сондықтан әрбір азамат өзінің және жақындарының қаржылық қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын қатаң ұстануы қажет. Бірлескен жұмыстың арқасында ғана интернет-алаяқтықтың алдын алып, қауіпсіз цифрлық орта қалыптастырамыз.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы

