Перейти к содержимому
Главная страница » Нашақорлыққа жол жоқ!

Нашақорлыққа жол жоқ!

      Еңбекшіқазақ ауданында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткінің зияны туралы кеңінен ақпарат беру және зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты ақпараттық-профилактикалық акция ұйымдастырылды. Акция аудандағы барлық ауылдық округті қамтыды.

      Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, қоғамда қауіпсіз әрі белсенді өмір салтын дәріптеу. Акция барысында аудан жастарына есірткі заттарының адам ағзасына, психологиялық және әлеуметтік жағдайына және болашағына тигізетін зияны туралы жан-жақты мәлімет беріліп, арнайы ақпараттық жадынамалар мен тақырыптық материалдар таратылды. Сонымен қатар қоғамдық орындар мен ғимараттардың қабырғаларына «Нашақорлыққа жол жоқ!» деген жазулар жазылды.

      Акция аясында жастарды зиянды әдеттерден аулақ болып, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге шақыруға ерекше көңіл бөлінді. Ұйымдастырушылар спортпен, шығармашылықпен айналысу, кітап оқу, волонтерлік қызметке қатысу және түрлі мәдени-көпшілік іс-шараларға белсенді араласу жастардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына оң әсер ететінін атап өтті.

     Сонымен қатар жастарға салауатты өмір салтын ұстанудың тек денсаулықты нығайтып қана қоймай, өмір сапасын жақсартуға, дұрыс шешім қабылдауға және өз мақсаттарына сенімді қадам жасауға мүмкіндік беретіні түсіндірілді. Әрбір жас өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстап, өмірлік құндылықтарды дұрыс таңдауы қажет екені айтылды.

      Мамандар нашақорлықтың тек жеке адамға ғана емес, отбасы мен қоғамға да үлкен қауіп төндіретін әлеуметтік мәселе екенін атап өтіп, оның алдын алуда ата-аналардың, білім беру ұйымдарының және қоғамның бірлескен жұмысының маңызы зор екенін жеткізді.

      «Нашақорлыққа жол жоқ!» акциясы жастарды саналы өмір салтын таңдауға, өз болашағына жауапкершілікпен қарауға және қоғамның белсенді әрі дені сау азаматы болуға үндеді.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ