Кеген ауылдық кітапханасында ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында «Хәкім Абай әлемі» атты поэтикалық кеш өтті.
Кеш барысында Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен айтылып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқылды. Қатысушылар ұлы тұлғаның өнегелі ойларын талқылап, оның шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды.
– Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, өсиеті де аз емес. Хәкім өлеңдері мен қара сөздері арқылы жастарды адамгершілікке, ізгілікке, адалдыққа үндеді. Күні бүгінге дейін ақынның шығармалары өзектілігін жоғалтқан емес, – деді Кеген ауылдық кітапханасының меңгерушісі Гүлзада Батырбекова.
Іс-шара соңында оқырмандар Абай мұрасына арналған кітап көрмесімен танысты. Ондағы кітаптар қатысушылардың қызығушылығын тудырып, ұлы ақынның әдеби мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік берді.
Поэтикалық кеш ұлы ақынның бай рухани мұрасын кеңінен паш етіп, Абай тағылымының өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

