Отбасы – адамның қорғаны, баланың алғашқы тәрбие мектебі, мейірім мен жылулықтың мекені. Бірақ сол шаңырақтың табалдырығынан аттаған сәтте адам өзін қауіпсіз сезіне алмаса, бұл – барша қоғамды алаңдатуы тиіс мәселе.
Отбасындағы зорлық-зомбылық бір күнде пайда болмайды. Көбіне оның алғашқы белгілері елеусіз көрінеді. Дауыс көтеру, кемсіту, үнемі бақылау, қызғаныш, қорқыту, ақшаға шектеу қою, телефонды тексеру – мұның барлығы жай ғана «отбасылық келіспеушілік» деп қабылданбауы керек. Мұндай әрекеттер уақыт өте келе физикалық зорлыққа ұласуы мүмкін.
Ең өкініштісі – кейбір адамдар отбасының ішіндегі мәселені сыртқа шығарудан қорқады. «Ел не дейді?», «балалар үшін шыдаймын», «өзгеріп кетер» деген оймен үнсіз қалады. Алайда зорлық-зомбылыққа үнсіз төзу мәселені шешпейді. Керісінше, жағдайдың одан әрі ушығуына жол ашуы мүмкін.
Әсіресе балалардың тағдырына назар аудару қажет. Үйдегі ұрыс-керісті күн сайын көріп өскен бала өзін қауіпсіз сезінбеуі, қорқыныш пен күйзелісті бастан өткеруі мүмкін. Сондықтан баланың көзінше жанжал шығармау, оны ересектер арасындағы мәселеге араластырмау – ата-ананың жауапкершілігі.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу тек жәбірленушінің міндеті емес. Бұл – отбасының, жақындарының, көршілердің, мектеп пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Егер жақыныңыздың мінез-құлқынан өзгеріс байқап, оның қорқынышта өмір сүріп жүргенін сезсеңіз, бейжай қалмаңыз. Кейде қарапайым ғана «Саған көмек керек пе?» деген сұрақтың өзі адамға үлкен қолдау болуы мүмкін.
Құқық қорғау органдары да отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Учаскелік инспекторлар тәуекел тобындағы отбасылармен жұмыс істеп, заң талаптарын түсіндіреді, ал құқық бұзушылық жасаған адамдарға заңда көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады.
Қиын жағдайға тап болған отбасы немесе зорлық-зомбылық құрбаны көмек сұраудан қорықпауы керек. Отбасын қолдау орталықтарында әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, қажет жағдайда уақытша тұруға мүмкіндік беріледі.
Отбасы – ұрыс пен қорқыныштың емес, түсіністік пен құрметтің мекені болуы тиіс.
Зорлыққа жол бермеу – бір адамның емес, бүкіл қоғамның таңдауы. Ал бұл таңдауды дәл қазір, өз отбасымыздан бастауымыз керек.
Алтынай ТАЛҒАТҚЫЗЫ

