Жер аяғы кеңіген жаздың жаймашуақ күнінде ұйымдастырылған жылы жүздесулердің бірі Қарқара ауылындағы Қарқара орта мектебін 1975-1976 оқу жылында тәмамдаған түлектердің 50 жылдан кейінгі кездесуі болды. Жарты ғасыр бұрын алтын ұя мектептен түлеп ұшқан түлектер бір шаңырақ астында қайта қауышып, өткен күндердің жарқын естеліктерін жаңғыртты.
Уақыт алға озғанымен, мектеп партасындағы балдәурен шақтың естеліктері ешқашан ұмытылмайды. Елу жылдан соң кездесу сол алтын күндерді қайта еске түсіріп, өткен мен бүгінді жалғады. Мектеп бітіргеніне 50 жыл толған түлектер ең алдымен «Әкебай ата» мешітінде өмірден озған ұстаздар мен сыныптастарын еске алып, Құран бағыштады. Одан соң түлектер Қарқара ауылдық Мәдениет үйіне бас сұқты. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, Мәдениет үйінің ұжымы қонақтарды ерекше ықыласпен қарсы алды.
Оқушылардың тырнақалды туындылары қойылған көрмемен мектеп директоры Нұргүл Қанапияқызы таныстырып, тарихқа қысқаша шолу жасады. Сахна шымылдығы жарты ғасыр бұрын партада отырған балалық шақтың бейнесі мен өткен күндерді еске алатын түлектердің 50 жылдыққа арнайы дайындаған бейнекөрсетілімімен ашылды.
Мерейтойлық кездесуге Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Қарқара ауылдық округінің әкімі Ернұр Сабырбеков, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақытжан Асқарбаев, түлектер, ауыл тұрғындары қатысты.
– Кездесіп отырған салтанатты сәтіміз құтты болсын! 50 жыл уақытта басымыздан өткен сәттерді еске алып, қасиетті Қарқара ауылына есеп берейік деп жиналып отырмыз. Біз 1975-1976 оқу жылы қазақ сыныбын 96 оқушы бітірдік. Үш сынып қатар түлеп ұштық. Арамыздан білім мен ғылымның шамын жаққан ұстаздар, адам жанының арашашысы болған дәрігерлер, ел экономикасының дамуына еңбек сіңірген мамандар мен мәдениет саласының тарландары және кәсіпкерлер шықты, – деген мектеп түлегі, актер Омар Қиқым сыныптастарының жастық шақтың жалынды күндерін артқа тастап, өмірдің талай белестерінен өткен ардақты буынға айналғандығын айтып, өткенге көз жүгіртті.
Нұрбақыт Молдахметұлы түлектерді айтулы мерекелерімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгінгі басқосу жай ғана кездесу емес, бұл – жарты ғасырлық достықтың, сағыныштың, өмір жолының тоғысқан тағылымды мерекесі. Бұл білім ордасы әрдайым ыстық естеліктердің, балалық шақтың, асыл армандардың мекені болып қала береді, – деген аудан басшысы білім ордасының қоғамға саналы азаматтар тәрбиелеудегі рөліне тоқталып, мектептің мерейін асырып жүрген түлектерге алғысын білдірді.
Осыдан жарты ғасыр бұрын Қарқара орта мектебінен түлеп ұшқан қыз-жігіттердің, бүгінде жетпісті алқымдап қалған ата-әжелердің дені балалары мен немерелерінің қамын ойлап, ауылдан қалаға қоныс аударып үлгеріпті. Кездесуге Атыраудан Гүлдариға апамыз арнайы келіп қатысып, сыныптастарымен жүздесіп, бір жасап қалды. Сонау қиыр шетте жүрсе де, туған жерге деген сағынышын жасырмады, ел ағаларына арнайы сыйлықтарын үлестіріп, қуанышты еселей түсті. Ал Күләш Ыстыбаева ауылдық Мәдениет үйіне картина сыйласа, ұйымдастырушы түлектер ауыл ақсақалдары мен мәдениет қызметкерлеріне ерекше құрмет көрсетіп, иықтарына қазақы шапан жапты.
Кеш барысында түлектердің өмір жолы, еңбек жетістіктері мен ел игілігі жолындағы өнегелі істері сөз болып, ұстаздарға деген шексіз құрмет пен ризашылық сезімдері көрініс тапты. Түлектер «ғалым да, шахтер де бас иетін» ұлағатты ұстаздарын шәкірттік сезіммен еске алды. Тұрсынхан Шәлдибекова, Күкен Бердібаева, Әнуар Жылқыбаев сынды ұстаздары туралы естеліктер айтып, әңгімелеп отырды.
Ауыл ақсақалы Елжас Шөжімбеков жиналғандарға ақ батасын беріп, аудан өнерпаздары мен оқушылардың өнері, жүрекжарды тілектері кештің сәнін кіргізіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Осындай игі жүздесулер ұрпақ сабақтастығын нығайтып, адамгершілік пен достықтың қадірін арттыра түседі. Сондықтан да бұл мерейтойлық кездесу әрқайсысының жүрегінде жылы естелік болып қалары сөзсіз.
Дәурен Ермекбай
Кеген ауданы

