Перейти к содержимому
Главная страница » Жетінші арнада сайлауалды теледебаттарға қатысушылардың сөз сөйлеу реті анықталды

Жетінші арнада сайлауалды теледебаттарға қатысушылардың сөз сөйлеу реті анықталды

Жетінші арнада сайлауалды телевизиялық дебаттарға қатысушылардың сөз сөйлеу кезегін анықтайтын жеребе тарту рәсімі өтті

Бүгін Жетінші арнаның тікелей эфирінде 5 тамыз күні Астанадағы «Қазмедиа орталығы» концерт залында өтетін сайлауалды телевизиялық дебаттарға қатысатын саяси партиялар өкілдерінің сөз сөйлеу кезегін анықтайтын ашық жеребе тарту рәсімі өтті.

Жеребе тартуға Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері қатысты. Рәсім ашық форматта ұйымдастырылып, барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндік пен үдерістің ашықтығын қамтамасыз етті.

Жеребе тарту рәсімін өткізу үшін ішінде реттік нөмірлер жазылған карточкалар салынған арнайы ыдыс пайдаланылды. Жүргізуші партияларды кезекпен атап, әр партияның өкілі нөмір жазылған карточканы өзі таңдады. Жеребе нәтижелері электрондық жүйеде тіркеліп, экранда нақты уақыт режимінде көрсетіліп отырды.

Жеребе тарту қорытындысы бойынша телевизиялық дебат барысында саяси партиялар өкілдерінің сөз сөйлеу реті белгіленді:

  1. Respublica партиясы – Мейрамгүл Мәдәлі;
  2. «Ақ жол» партиясы – Дулат Тастекей;
  3. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы  – Максұт Насибулов;
  4. «Әділет» партиясы – Рауан Кенжеханұлы;
  5. «Байтақ» партиясы – Аслан Байзаханов;
  6. «Ауыл» партиясы – Шахмардан Байманов;
  7. Қазақстанның Халық партиясы – Бейбіт Құсайынов;

Естеріңізге сала кетейік, телевизиялық дебаттар 5 тамыз күні сағат 20:26-да Жетінші арнаның тікелей эфирінде өтеді. Дебаттардың негізгі тақырыбы – білім беру жүйесін дамыту. Жоба интерактивті форматта өтеді және төрт кезеңнен тұрады: партиялардың сайлауалды бағдарламаларын таныстыру, білім беру саласындағы бастамаларды талқылау, студия көрермендерінің сұрақтарына жауап беру және сайлаушыларға қорытынды үндеу жасау.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – көрермендердің белсенді қатысуы. Тікелей эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беру ұйымдастырылып, оның аралық нәтижесі екінші кезеңде және қорытындысы соңында жарияланады. Сонымен қатар көрермендер арнаның ресми Instagram парақшасында пікір қалдыра алады, олардың бір бөлігі тікелей эфир барысында экранда нақты уақыт режимінде көрсетіледі.

Теледебаттың тікелей трансляциясын Жетінші арнаның эфирінен, сондай-ақ арнаның ресми сайты мен әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан көруге болады.

Метки: