Қонаев қаласында облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаевтың төрағалығымен өткен жиында балаларды зорлық-зомбылық және киберқылмыстан қорғау, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық қолдау, кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
Комиссия отырысына облыстық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, сондай-ақ онлайн форматта облыстағы аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты. Ең әуелі облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Берік Дәкеев кәмелетке толмағандар арасындағы зорлық-зомбылық пен суицидтік және басқа да қылмыстардың алдын алуға бағытталған шаралар бойынша баяндама жасады. Ол өз баяндамасында нақты көрсеткіштерге тоқталып, кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар-дың саны артқанын алға тартты. Сонымен қоса Б. Дәкеев биыл суицид жасағандардың да қатары көбейгенін жасырмады. Берік Сейдаханұлы келеңсіз жағдайларға отбасындағы жанжалдар мен эмоционалдық қолдаудың болмауы, буллинг және кибербуллинг, психологиялық жарақаттар мен күйзелістік жағдайлар, оқу үлгеріміндегі қиындықтар, әлеуметтік оқшаулану, депрессиялық көңіл-күй себеп болатынын айтты. Өз кезегінде полиция департаменті өкілі киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Бүгінде 452 жалпы білім беретін мектепте және 44 колледжде киберқылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың дропперлік қызметке тартылуына жол бермеу, сондай-ақ интернет желісіндегі тыйым салынған контентті тарату және пайдалану үшін көзделген жауапкершілікті түсіндіру бағытында тренингтер мен дәрістер өткізілді. Сонымен қатар интернет кеңістігіндегі заңсыз қызметтің жолын кесу мақсатында тыйым салынған контент пен дропперлік қызметке қатысты материалдарды қамтитын 3974 интернет-ресурс бұғатталды», – деді Берік Дәкеев.
Жиында комиссия отырысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Алатау қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы, Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Несіпбаеваның, Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Садықовтың, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосовтың баяндамалары тыңдалды. Олар аталған өңірлерде кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады. Айталық Алатау қаласында профилактикалық жұмыстың нәтижесінде 490 әкімшілік хаттама толтырылған.
Жиында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау және олардың сапалы білім алуына жағдай жасау туралы да сөз болды. Облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұмановтың сөзінше, қазір облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 12 601 бала тіркелген.
«Білім беру ұйымдарында балалардың жеке мүмкіндіктері мен білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, оқыту мен тәрбиелеуге арналған арнайы жағдайлар жасалуда. Білім беру қызметтерінің қолжетімділігі қамтамасыз етіліп, білім беру ортасы мен оқу бағдарламалары құрылуда. Кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық білім беру ұйымдары пандустармен жабдықталған, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлар, тұтқалар, қызметкерлерді шақыру түймелері, көру қабілеті бұзылған адамдарға арналған тактильді көрсеткіштер мен навигациялық элементтер орнатылуда. Оқу кабинеттеріне, асханаларға, спорт және акт залдарына кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етілген», – деді Қайрат Ізбасарұлы.
Қазір балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты зорлық-зомбылықтың, суицидтік және девиантты мінез-құлықтың, буллинг пен киберқауіптердің алдын алу – білім беру жүйесі үшін аса маңызды бағыттардың бірі. Жиналыста сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов балалар арасындағы буллинг пен кибербуллингтің алдын алу шараларына тоқталды. «Киберкеңістіктегі қауіптер де ерекше бақылауды қажет етеді. Балалар интернетте кибербуллингке, қауіпті контентке, алаяқтыққа, психологиялық қысымға және өзге де киберқылмыс түрлеріне тап болуы мүмкін. Сондықтан білім беру ұйымдарында цифрлық сауаттылықты, интернеттегі қауіпсіз мінез-құлықты және жеке деректерді қорғау дағдыларын қалыптастыру жұмыстары күшейтілуі қажет. Бұл ретте ата-аналардың да жауапкершілігі маңызды. Баланың интернеттегі белсенділігін толық бақылау емес, оның қандай ортада жүргенін, кіммен байланысатынын және қандай контент тұтынатынын түсіну мен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру қажет. Сондықтан педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтердің тәуекел белгілерін анықтау және ата-анамен бірлесіп жұмыс жүргізу дағдыларын одан әрі жетілдіру міндеті тұр», – деді ол.
Комиссия отырысында өмірде қиын жағдайда жүрген кәмелетке толмағандарды әлеуметтік оңалту жөніндегі жұмыстардың жүзеге асырылуы да назардан тыс қалмады. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы мәселелердің алдын алу бойынша тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бала өміріне, біліміне, құқығына жауапты әрбір мекеме өз ісіне мұқият болуы керектігін айтты. Жиын соңында: «Әр баланың өмірі мен қауіпсіздігі – елдің ертеңіне деген жауапкершіліктің ең маңызды өлшемі. Сондықтан өңірдегі барлық аудан және қала әкімдіктері өз аумағындағы ахуалға кешенді талдау жүргізіп, тәуекелдерді бағалап, келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған нақты шаралар қабылдауы қажет», – деген облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев комиссия отырысындағы шешімдер мен берілген тапсырмалар облыстық комиссияның тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Ерзат АСЫЛ