Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Әйел құқығы – заңмен қорғалған құндылық

Әйел құқығы – заңмен қорғалған құндылық

45 қаралым

Әйел – отбасының ұйытқысы, шаңырақтың берекесін сақтаушы, ұрпақ тәрбиесіне тікелей ықпал ететін тұлға. Қоғамның тұрақтылығы мен отбасының беріктігінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелдердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – мемлекет үшін де, қоғам үшін де маңызды міндеттердің бірі.

Қазақ қоғамында анаға, әйелге деген құрмет ежелден қалыптасқан. «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, ақ сүтін өтей алмайсың» деген халық даналығы әйел-ананың қадірін айқындайды. Алайда құрмет пен ізгі ниетпен қатар, әрбір әйелдің заңмен белгіленген құқықтары мен бостандықтарының сақталуы да аса маңызды.

Қазақстан Республикасының Конституциясы әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік береді. Әйел мен ер адамның заң алдындағы теңдігі – қоғамның демократиялық және құқықтық негіздерінің бірі. Әйелдің білім алуға, еңбек етуге, өз кәсібін жүргізуге, мемлекеттік және қоғамдық өмірге араласуға, өз пікірін еркін білдіруге құқығы бар.

Әсіресе әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Отбасындағы ұрыс-керіс, қорқыту, күш көрсету, психологиялық қысым көрсету немесе экономикалық тәуелділікті пайдалану – жай ғана «отбасылық мәселе» деп қарауға болмайтын жағдайлар. Мұндай әрекеттер адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіреді.

Әйел өзінің құқығы бұзылған жағдайда үнсіз қалмауы керек. Заңды білу – өзіңді қорғаудың алғашқы қадамы. Құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы әйелдер өздерінің қандай жағдайда қандай көмекке жүгіне алатынын, құқық қорғау органдарына және тиісті мамандарға қалай жүгіну керектігін біле алады.

Бұл бағытта аналар кеңестерінің де атқаратын жұмысы аз емес. Аналар кеңесі – отбасы құндылықтарын дәріптеп қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға атсалысатын қоғамдық орта. Біз әйелдер мен қыздардың өз құқықтарын білуіне, отбасындағы өзара сыйластық пен жауапкершіліктің қалыптасуына, жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға үлес қосуымыз қажет.

Әйелдің құқығын қорғау – тек әйелдің мәселесі емес. Бұл – бүкіл отбасының, ұрпақтың және қоғамның мәселесі. Себебі өз құқығын білетін, қауіпсіз ортада өмір сүретін ана баласына да құқық пен міндетті түсіндіре алады. Ал заңды құрметтейтін отбасында зорлық-зомбылыққа, кемсітуге және жауапсыздыққа орын болмауы тиіс.

Бүгінгі таңда жастарға да құқықтық тәрбие берудің маңызы зор. Қыздар өздерінің қадір-қасиетін қорғауды, заңды құқықтарын білуді үйренсе, ұлдар әйелге құрметпен қарау, жауапкершілік пен отбасылық міндеттің мәнін түсінуі қажет. Отбасындағы сыйластық – мықты қоғамның негізі.

Әр әйел өзінің құқығын білуге, қауіпсіз өмір сүруге және өз таңдауын жасауға лайық. Ал қоғамның міндеті – оған қолдау көрсету, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Аналар кеңесі атынан айтарым: әйелдің құқығын қорғау – ананы қорғау, ананы қорғау – отбасының берекесін, ал отбасын қорғау – елдің болашағын қорғау. Заңды білу және заңды құрметтеу арқылы ғана біз қауіпсіз, әділетті әрі берекелі қоғам қалыптастыра аламыз.

Балжан ОМАРОВА,


Райымбек аудандық

аналар кеңесінің төрайымы