Перейти к содержимому

Ақ батамен басталды

14 қаралым

Қарасай ауданы Жібек жолы ауылында жуырда ғана ел игілігіне берілген жаңа Мәдениет үйінде алғаш рет ізгілік пен тәрбиенің бастауы саналатын тілашар шарасы өтті. Тағылымды кешке Жібек жолы ауылдық округіне қарасты елдімекендердің тұрғындары, білім беру ұйымдары мен түрлі мекеме қызметкерлері, аудандық ардагерлер ұйымының өкілдері қатысып, ақ тілектерін ақтарды.

Аталмыш тақырыпқа байланысты сахна да көркем безендіріліпті. Қатысушылардың қарасы да мол. Бірінші болып сөз алған ауыл әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев: «Қадірлі халайық! Мәдениет үйін ауыл жұртшылығы көптен бері армандап келіп еді. Енді, міне, халықтың игілігі үшін есігін айқара ашып отыр. Осынау өнер ошағында мәдениетімізді дәріптейтін сан салалы шаралар көбейе берсін», – деп қалың қауымға сәттілік тіледі.
Бұдан кейін көпшіліктің көңілі сахнаға ауды. Дастарқан басындағы ата-әже мен немеренің өзара әңгімесі көрерменге ерекше әсер етті. Былдырлап, тілі жаңа шығып келе жатқан немересінің тәтті қылығына екеуі де мәз-мейрам. Қуаныштары құшақтарына сыймаған қариялар ел-жұртына ұлан-асар тілашар тойын жасауға қамданады.
Кезекті көріністе бала атаулының мектеп табалдырығын аттап, партаға алғаш отырған сәті бейнеленді. Бұл қойылымды ауыл балалары сәтті алып шыққан. Олардың сахнаға бейімделуі, өздеріне берілген рөлді ойдағыдай орындағаны айқын көрініп тұр. Бұдан кейін көрермендер арасында ұлттық дәстүрімізді паш ететін сұрақ-жауап ойыны өтті.
Шара барысында ауыл өнерпаз­дарының концерті де ұйымдастырылды. «Әжелер» ансамблінің, сол сияқты Мейірхан Дарханұлы, Болатхан Шабдаров, Ерасыл Асқар, Нұржан Назар, Бексұлтан Мұңбай және Мақсат Базарбайдың өнерлеріне көрермен тәнті болды. Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы, ағаш пен темірден түйін түйген шебер Нағи Иманбаевтың домбыра мен гитараның құлағында ойнап, әуелете салған әндері де әсерлі шықты.
Шара соңында ауыл әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев кеште тамаша өнер көрсетіп, белсенділік танытқан жандарға Алғыс хат табыстап, арнайы сыйлықтарын тарту етті. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов пен «Асыл ана» ұйымының төрағасы Ұлтай Бархинова балаларға ақ батасын берді. Сөйтіп, тілашар атты тағылымды шара көптің көңілінен шықты.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
ардагер-журналист
Жібек жолы ауылы,
Қарасай ауданы