Перейти к содержимому
Басты бет / Жолдың жайы / Алматы облысының республикалық трассаларында жол күтімі тұрақты бақылауда

Алматы облысының республикалық трассаларында жол күтімі тұрақты бақылауда

46 қаралым

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жазғы күтіп-ұстау жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Бұл жұмыстарға «ҚАЖ Сервис» ЖШС тарапынан 366 қызметкер мен 181 арнайы техника жұмылдырылған. Биыл жол қызметінің техникалық паркі жаңа машиналармен толықтырылып, трассаларды тазалау, жол жиектерін күтіп ұстау және ұсақ жөндеу жұмыстарын тиімді жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

Алматы облысындағы республикалық трассаларда жол күтімінің сапасы мен жеделдігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта биыл «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалының техникалық паркі жаңартылып, «Бродвей» шаңсорғыш техникасы, мульчер-шөп шапқыш машиналары, виброплиталар мен катоктар қолданысқа енгізілді.

Жаңа техниканың ішінде 4 «Бродвей» шаңсорғыш машинасы жол жамылғысы мен жол бойын тазалауға арналған. Ал 4 мульчер-шөп шапқыш техникасы жол жиектеріндегі өсімдіктерді күтіп ұстау жұмыстарын жеделдетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, биыл 2 виброплита мен 4 каток сатып алынды.

Техникалық парктің жаңаруы жол қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, автомобиль жолдарын күтіп-ұстау жұмыстарын жедел әрі сапалы орындауға мүмкіндік береді. Қазір облыстың республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында кешенді жазғы күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде. Мамандар жол бойындағы шөптерді шауып, қоқыстарды жинап, санитарлық тораптарды тазалап, жол жамылғысын арнайы техникамен тазартып, су себу жұмыстарын атқаруда.

Сонымен қатар ағаштарға санитарлық кесу жүргізіліп, жол белгілері мен тосқауыл қоршаулары жуылуда. Жол жамылғысындағы ақауларды дер кезінде жою мақсатында шұңқырлы-жамау жөндеу және жарықтарды бітеу жұмыстары да тұрақты түрде орындалып отыр.

Жаңа оқу жылының басталуына орай жол таңбалары жаңартылуда. Республикалық тас жолдардың елді мекендермен қиылысатын және жаяу жүргіншілер қозғалысы бар учаскелерінде жол қауіпсіздігіне қатысты жұмыстарға да ерекше назар аударылып отыр. Осы мақсатта – жаяу жүргіншілер өткелдері қайта боялып, жол таңбаларын жаңарту және қайта сызу жұмыстары қолға алынды. Бұл шаралар жаяу жүргіншілердің, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жолдағы қозғалыс тәртібін нақтылауға бағытталған.

Жол күтімі – тек жол жамылғысын жөндеумен шектелмейтін үздіксіз процесс. Оның құрамына жолдың тазалығы мен санитарлық жағдайын сақтау, жол белгілері мен қоршаулардың көрінуін қамтамасыз ету, жол жиектерін күтіп ұстау және анықталған ақауларды дер кезінде жою кіреді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы тарапынан аталған жұмыстар тұрақты жүргізіліп, басты назар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының тиісті техникалық жағдайын сақтауға және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз қозғалыс жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.