
30 қыркүйекте Баку қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің тарихы мен қайталанбас сәулетін танытатын «Көгілдір күмбез құпиясы» халықаралық көрмесі ашылады.Әзербайжан Ұлттық тарих музейінде өтетін көрме Түркі мәдениеті және мұрасы қорының, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының әзірлеуімен қолға алынып отыр. Экспозицияда көне Түркістанның тарихи-мәдени мұрасы, Ясауи кесенесінің сәулеттік ерекшеліктері мен эпиграфикалық жәдігерлері кеңінен таныстырылады. Айта кетейік, аталған жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерделеу, сақтау және оны Қазақстанда және халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіші әрі өңірдің аса маңызды рухани және мәдени орталықтарының бірі ретіндегі тарихи маңызын айшықтауға бағытталған. Көрермендер XII ғасырдан жеткен түпнұсқа терракоталық тақташалар, XIV ғасырдағы қаптама үлгілері, майолика және мозаика элементтерімен қатар, кесененің сәулеттік макеттерін, Ясауи мұрасына қатысты қолжазбалар мен тарихи материалдарды тамашалай алады. Халықаралық жоба Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы мәдени байланыстарды нығайтып, түркі өркениетінің ортақ тарихи-рухани мұрасын әлемге танытады.
Алтынай СЕЙІТКЕН