Перейти к содержимому

Бала қауіпсіздігі – ортақ міндет

43 қаралым

Қаракемер ауылдық округінде ата-аналардың бала қауіпсіздігі мәселесіндегі жауапкершілігін арттыру мақсатында «Бала қауіпсіздігі – ортақ міндет: заңды білу, тәртіпті сақтау, жауапкершілік таныту» тақырыбында ата-аналар жиналысы өтті.

Жиынға Қ.Орымбетов атындағы орта мектептің 5–11 сынып оқушыларының ата-аналары, аудандық полиция басқармасының қызметкерлері, аудандық білім бөлімінің мамандары, Қаракемер ауылдық округі әкімдігінің мамандары, сондай-ақ психолог маман қатысты.

Кездесу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заң талаптарын білу, құқықтық сауаттылықты арттыру, жасөспірімдер арасында тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың қоғамдық орындардағы қауіпсіздігі, жол қозғалысы ережелерін сақтау және ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігіне тоқталды. Сонымен қатар, ата-аналарға бала қауіпсіздігіне қатысты заң талаптарын сақтау қажеттілігі түсіндірілді.

Жиын барысында Қаракемер ауылдық округі әкімінің орынбасары Азамат Әділхан бала қауіпсіздігі мәселесінде ата-ана мен мектептің өзара байланысының маңызын атап өтті.

«Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ міндет. Бұл бағытта ата-ана, мектеп және мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істегенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе аламыз. Әрбір ата-ана баласының ортасына, қарым-қатынасына және бос уақытына назар аударып, қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отырғаны маңызды», – деді Азамат Әділхан.

Өз кезегінде психолог маман жасөспірімдермен қарым-қатынаста сенім мен ашық диалогтың рөліне тоқталды. Оның айтуынша, бала қандай да бір қиындыққа тап болған жағдайда ең алдымен ата-анасынан қолдау табуы керек.

«Жасөспіріммен сөйлескен кезде оның пікірін тыңдап, мәселені бірге шешуге тырысу маңызды. Бала өзін отбасы мүшелері тарапынан түсінетінін және қолдайтынын сезінсе, кез келген қиындықты ашық айтуға бейім болады. Сондықтан ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынас – қауіпсіз ортаны қалыптастырудың маңызды негізі», – деген психолог Айгерім Дәулетханова ата-аналар арасында шағын психологиялық тренинг өткізді.

Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің мамандары мектеп пен ата-ана арасындағы тұрақты байланысты нығайту, балалардың сабақтан тыс уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында мектеп қабырғасында атқарылатын жұмыстардың ретін таныстырды.

Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі, баланың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау, жасөспірімдермен тұрақты түрде ашық әңгіме жүргізу және олардың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударудың маңызы түсіндірілді.

Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тиісті жауаптар алды. Бала қауіпсіздігі – әр отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Баланың амандығы үшін баршамыз бірлесе әрекет етуіміз қажет.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы