Перейти к содержимому

Ерікті болу – ерлік!

15 қаралым

Қонаев қаласында «VOLUNTEER FEST» облыстық волонтерлер слеті өтті. Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған шараға облыстағы тоғыз аудан мен екі қаладан волонтерлік қозғалыстың белсенді мүшелері, жастар көшбасшылары, жастар ісі жөніндегі мамандар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар қатысты.

Слеттің ашылуында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Халықаралық жастар күніне орай арнайы баспасөз брифингін өткізіп, осы тамыз айының соңына дейін облысымызда түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылатынын айтқан болатынбыз. Міне, сол жастар күні аясында облыстық волонтерлер слеті өтіп жатыр, – деді Мәди Ахметов.
Үш күнге жоспарланған шара барысында қатысушылар түрлі сессиялар мен пікір алмасу алаңдарында бас қосып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Алматы облысында волонтерлік қозғалыстың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Әлеуметтік көмек, экология, қайырымдылық, қоғамдық қауіпсіздік, гуманитарлық қолдау, инклюзия және азаматтық бастамалар бағытында еріктілердің атқарып жүрген жұмысы аз емес.
– Біздің облысымызда «Ардагерлерді арда­қ­тайық», «Таза Қазақстан» және басқа да бағыттардағы әлеуметтік жобаларға өз үлесін қосып жүрген волонтерлер баршылық. Оның дәлелі – соңғы екі жылда облысымыздың республикалық «Игі істер марафоны» байқауында екі жыл қатарынан «Ең мейірімді аймақ» номинациясына ие болды. Жыл басынан бері өңірде еріктілердің қатысуымен мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілік ұйымдастырылып, оған екі мыңнан аса экобелсенді қатысты. Әлеуметтік бағытта 800 жалғызбасты ардагерге көмек көрсетілді. Еріктілер қарттардың тұрмыстық мәселелеріне қолдау білдіріп, қажетті заттарын жеткізуге, аулаларын тазалауға және басқа да күнделікті жұмыстарға көмектесті. Табиғатты қорғауға бағытталған «Taza Like» бас­тамасы аясында мың құс ұясы орнатылды. Ал жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған «Saqtan» жобасы аясында 800 жас қамтылып, есірткі жарнамасына қатысты 250 факт жойылды. Мұндай көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты адамның еңбегі бар, – деді Мәди Абылайұлы.
Слеттің ашылуында Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің аймақтық менеджері Мадина Атайбаева да көпшілікке ізгі лебізін арнады
– Волонтер болу – қоғамға бейжай қарамай, өз уақытыңды, біліміңді және күшіңді өзгелердің игілігіне арнай білу. Сіздердің әрбір игі істеріңіз бір адамның өміріне қуаныш, бір отбасыға қолдау, қоғамға өзгеріс әкелуі мүмкін. Сондықтан жасаған жақсылықтарыңыз ешқашан ұмытылмайды, – деді ол.
Волонтерлікпен айналысуға жас шектеуі жоқ. Мұны слетке қатысушылардың құрамы да көрсетіп отыр. Әртүрлі жастағы азаматтардың бір алаңда бас қосуы – игі іске араласудың белгілі бір жасқа ғана тән еместігін аңғартады.
Слеттің алғашқы күні «Jas Talks» еркін пікір алмасу алаңы ұйымдастырылып, мемлекет, азаматтық қоғам және волонтерлер арасындағы әріптестік, әлеуметтік мәселелерді шешудегі волонтерліктің үлесі және белсенді волонтерден қоғамдық көшбасшыға дейінгі даму жолы талқыланды. Төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік мәдениеті мен азаматтық жауапкершілік мәселесі де назардан тыс қалмады.
Аталған жиында жастардың экономикалық қауіпсіздігі, қаржылық сауаттылық және алаяқ­тықтың алдын алу мәселелері де сөз болды. Екінші күні қатысушылар арнайы семинарлар мен тренингтерге қатысып, волонтерліктің заманауи бағыттары бойынша тәжірибе жинақтады.
Үш күндік слет аясында концерттік бағдарлама, ашық микрофон және open-fest форматындағы кездесулер ұйымдастырылды. Ал шараның соңғы күні қатысушылар Кеген ауданына барып, Шарын шатқалында слеттің жабылу салтанатына қатысады. Кейін «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде экскурсия жасап, Алматы облысының табиғи көрікті жерлерімен танысады. Бұл бағдарлама волонтерлік қозғалыстың маңызды бағыттарының бірі – табиғатты қорғау тақырыбымен де сабақтасып жатыр.
Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Маңыз­дысы – адамның қоғамға пайдасын тигізуге деген ниеті мен оны нақты әрекетке айналдыра білуі. Слеттің басты идеясы да осыған келіп саяды, жақсылық жеке адамның әрекеті болып қалмай, көпші­лікті біріктіргенде ғана үлкен қоғамдық күшке айналады. Алматы облысындағы волонтерлік қозғалыс­тың қалыптасып, дамып келе жатқаны – осының айқын көрінісі. Еріктілердің әрбір бастамасы, әрбір игі ісі қоғамдағы мейірімділік пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. «Жақсылық жасау – жүректен, ал жақсылықты бірге жасау – үлкен күш», – деген Мадина Атайбаеваның сөзі «VOLUNTEER FEST» шарасының мәні мен маңызын айқындап тұрғандай.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

Қонаев қаласы