Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Газетке де қолтаңбасын қалдырған

Газетке де қолтаңбасын қалдырған

30 қаралым

ХХ ғасырдағы сталиндік қуғын-сүргін талай асыл азаматтың өмірін тас-талқан еткені тарихтан белгілі. Сондай азапты тағдыр Алаштың аяулы перзенті Қапез Байғабылұлын да айналып өткен жоқ. Ол өз заманында жас ұрпаққа білім берген ұлағатты ұстаз, ұлт тағдырын ән мен жырға қосқан талантты композитор болған.

Биыл сан қырлы саңлақтың туғанына 130 жыл толып отыр. Осыған орай Алматыдағы ҚР Орталық мемле­кеттік архивінде «Қапезге қатысты құжаттар сөйлейді» атты арнайы көрме ұйымдастырылды. Аталған шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, архив қызметкерлері, студенттер мен Қапез Байғабылұлының ұрпақтары қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай сөз сөйлеп, мұрағат қорында сақталған құжаттар қапезтанудың жаңа парақтарын ашып, оның өмірі мен шығармашылығын тереңірек зерделеуге мүмкіндік бере­тінін атап өтті.
– Өздеріңіз білесіздер, Қапез Байғабыл­ұлы ХІХ ғасырдың соңында Кеген өңірінде дүниеге келген. Оның артында қалған мұрасы бүгінгі ұрпаққа да жақсы таныс. Қапез туралы еңбектер жазылу үстінде. Оның басында Сағатбек Медеубекұлы және тағы басқа азаматтар бар. Ендігі жерде архив деректері зерттеушілердің ізденіс аясын одан сайын кеңейте түседі деп сенеміз, – деді Сәбит Қамытбекұлы.
Бұдан кейін Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері Рашид Оразов жиналған көпшілікті көрмеге қойылған мұрағат деректерімен таныстырды. ҚР Орталық мемлекеттік архиві, Алматы облыстық архиві және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архив материалдарынан Қапездің атасы Жылқайдардың молдалық қызмет атқарып, кейін ел ішінде би болып сайланғаны, әкесі Байғабылдың да би болғаны жөнінде деректерді кездестіресіз. Бұл мәліметтер оның зиялы отбасынан шыққанын растап тұр.
Көрмеден Қапез Байғабылұлының ағартушылық жолына қатысты құжат­тар да орын алған. 1925-1926 жылдары Сүмбе қыстағында бала оқытып, ұстаздық қызмет атқарғанын, ал 1927 жылы Алматы қаласында мұғалімдердің білімін жетілдіру курсында оқығанын айғақтайды.
Архив құжаттарының ішінде біздің көзіміге оттай басылғаны – «Тілші» газетінің сарғайған парақтары. 1920 жылдары Алматы облыстық газеті осылай аталғаны тарихтан белгілі. Міне, сол басылымда Қапез атамыз да тілшілік қызмет атқарыпты. Басылым бетінде 1928 жылы «Ағарту майданында», 1925 жылы «Жазықсыз 20 қара сойылды», «Шаруа тіршілігі» секілді мақалалары жарық көрген. Сол материалдарға қарап отырып, Қапездің ұстаздықпен ғана шектелмей, мерзімді баспасөз арқылы да елдік мәселелерді көтергенін аңғаруға болады. Бұл деректер «Тілші» газетінің бүгінгі жалғасы ­– «Алатау арайы» газеті үшін құнды жәдігер болып саналады. Сондай-ақ көрмеден орын алған НКВД құжаттары да тарихтың қаралы беттерінен сыр шертіп тұр.
Қапез мұрасын зерттеуде филология ғылымдарының кандидаты, журналист, ғалым Сағатбек Медеубекұлының сіңірген еңбегі зор. Ол сонау 1988 жылдан бері осы тақырыпқа ден қойып, көзкөргендердің сөзін хатқа түсіріп, ел аузындағы деректерді жинаған. Соның арқасында айтулы тұлғаның асыл мұрасы ұрпақ игілігіне айналды. 1991 жылы туған ауылы Тоғызбұлақтағы орта мектепке Қапез Байғабылұлының есімі берілді. Ұлықтау шаралары бүгінде жалғасып жатыр.
Жиында сөз алған Сағатбек Медеубек­ұлы Алаш қайраткерлері­нің идеясын ел ішіне жеткізген азаматтардың әр өңірде болғанын, солардың бірі Қапез Байғабылұлы екенін тілге тиек етті. Белгілі ақын Алмас Ахметбек Қапезге арнаған дастанынан үзінді оқып, өмір жолын өлеңмен өрнектеді. Өнер қайраткері Бекжан Тұрыс, тарихшы Ерлан Стамшал аталған шараның маңызына тоқталып, ұйымдастырушыларға алғысын біл­дірді. Кеш соңында Қапездің әндері шырқалып, жүректерді тербетті.
Еске сала кетейік, алдағы аптада Қапез Байғабылұлының 130 жылдығына орай Тоғызбұлақ ауылында ауқымды іс-шара өтеді.

Болат МӘЖИТ