Перейти к содержимому

Интернет алаяқтық фактілері көбейді

24 қаралым

Цифрлық технология дамыған сайын интернет арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлері де көбейіп келеді. Алаяқтар азаматтарды алдау үшін банк қызметкері, полиция қызметкері, мемлекеттік орган немесе таныс адамның атын жамылып қоңырау шалуы мүмкін.

Кей жағдайда қылмыскерлер адамның қорқынышын пайдаланады. «Шотыңызға қауіп төніп тұр», «атыңызға несие рәсімделді» деген сияқты сөздер айтып, азаматты асығыс әрекет жасауға итермелейді.

Мұндай кезде ең бастысы – сабыр сақтау. Бейтаныс адам телефон арқылы банк картасының нөмірін, құпия сөзді, SMS арқылы келген кодты немесе басқа да қауіпсіздік мәліметтерін сұраса, оны беруге болмайды.

Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу керек. Қандай да бір ұйымнан хабарлама келсе, оның шынайылығын ресми арна арқылы тексерген жөн.

Әлеуметтік желідегі жалған инвестициялық ұсыныстарға да абай болған дұрыс. Қысқа уақытта көп табыс табуға уәде беретін ұсыныстардың артында алаяқтық схема болуы мүмкін.

Алаяқтықтың алдын алуда құқық қорғау органдарымен қатар азаматтардың өз қырағылығы да маңызды. Күмәнді жағдайға тап болған адам оны жасырмай, тиісті органдарға хабарлауы қажет.

Ақпараттық технологияны пайдалану мәдениеті де құқықтық мәдениеттің бір бөлігіне айналды. Сондықтан интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтау – қазіргі заманның басты талаптарының бірі.

Құралбек СӘБИТҰЛЫ