Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы ең алдымен заңға деген құрметтен басталады. Заң – мемлекеттегі тәртіптің негізгі тірегі. Әрбір азамат өз құқығын біліп қана қоймай, заң талаптарын сақтауға және айналасындағылардың құқықтарын құрметтеуге міндетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі ретінде заң мен тәртіп қағидатын үнемі алға қойып келеді. Бұл – қоғамдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтатын маңызды ұстаным.
Бүгінде құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңызы ерекше. Себебі заң талаптарын білу – адамды түрлі құқықбұзушылықтардан сақтандырып қана қоймай, өз мүддесін заңды жолмен қорғауға мүмкіндік береді. Әсіресе жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға баса көңіл бөлу қажет.
Аға буын өкілдері ретінде біз жас ұрпаққа әрдайым ақыл-кеңесімізді айтып, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, қоғамның тыныштығын сақтау сияқты адамгершілік құндылықтарды дәріптеуге тиіспіз. Заңды сақтау – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – барша азаматқа ортақ жауапкершілік.
Құқықбұзушылықтың алдын алу да қоғам болып атқаратын маңызды жұмыс. Отбасындағы тәрбие, мектептегі білім, еңбек ұжымындағы тәртіп және қоғамдық ортадағы жауапкершілік өзара сабақтас болуы керек. Әр азамат «заң маған не береді?» деген сұрақпен қатар, «мен заң мен тәртіпті сақтауға қандай үлес қосып жүрмін?» деп те ойланғаны жөн.
Ауданымызда қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызы зор. Бұл ретте тұрғындардың құқық қорғау органдарымен бірлесе әрекет етуі, күмәнді жағдайларға немқұрайлы қарамауы және заңсыз әрекеттерге жол бермеуі қажет.
Біз, аға буын өкілдері, бейбітшілік пен тұрақтылықтың қадірін жақсы білеміз. Сондықтан кейінгі ұрпаққа қалдырар ең басты аманатымыздың бірі. Қоғам тұрақтылығының негізі – заң мен тәртіп ел тыныштығын бағалау, заңды құрметтеу және Отанға адал қызмет ету.
Заң үстемдік құрған жерде тәртіп болады. Тәртіп бар жерде тұрақтылық пен береке орнығады. Сондықтан әрқайсысымыз заң талаптарын сақтап, қоғамдағы өзара сыйластық пен жауапкершілікті нығайтуға үлес қосайық.
Бекболат БІРБАЕВ,
Райымбек аудандық
ардагерлер кеңесінің төрағасы