Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясында «Тіл – рухани қазынамыз» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Шараны Қоғамдық келісім және даму орталығы ұйымдастырды.
Кездесуге аталған орталықтың Жамбыл аудандық бөлімінің жетекші сарапшысы Айдос Әлібай, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Гүлім Ералиева, Қарғалы ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Зияш Смағұлқызы, Ақсеңгір ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Майра Байжұмақызы және SDU University-нің «Қазақ филологиясы» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Ринат Ақниязұлы қатысты. Шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, этносаралық келісімді нығайту, тіл арқылы ұлттық және рухани құндылықтарды дәріптеу, тұрғындардың мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастыру.
Жиын барысында мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен маңызы, оның этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлі, тіл арқылы ұлттық құндылықтарды сақтау және ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы кеңінен айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді құрметтеу мен күнделікті өмірде қолдану мәдениетін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Сан ұлттың басын қосқан Қарғалы ауылында 30 мыңға жуық тұрғын тұратыны, олардың мемлекеттік тілге деген құрметі сөз болды. Кездесуде ауыл тұрғындарымен ашық пікір алмасып, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Қарғалы ауылы,
Жамбыл ауданы