Мақалаға арқау болған дәрігер, өз ісінің білікті маманы, Райымбек ауданының денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген невролог дәрігер – Наргиза Назарбек.
Адам ағзасы – өз алдына күрделі жүйе. Осыған орай, дәрігер мамандардың да мойнындағы жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Соның ішінде, жүйке жүйесінің күрделі құрылысын зерттеп, осынау жүйке жүйесімен байланысты сан дертке шипа болып жүрген Наргиза Дәуренбекқызының батылдығы мен ерекше таңдауына тәнтіміз.
Невролог дәрігер 2015 жылы Шардара қаласында А.Иманов атындағы жалпы орта мектепті «Алтын белгі» төсбелгісімен үздік нәтижемен аяқтап, ҚазҰМУ-не оқуға түсіп, 2025 жылы невролог мамандығын алып шықты. Нақтылай кетсек, невролог – орталық және перифериялық жүйке жүйесінің ауруларын диагностикалаумен және емдеумен айналысатын дәрігер.
Наргиза дәрігер қазіргі таңда Райымбек аудандық ауруханасында қызмет атқаруда. Өз мамандығы аясында, жүйке жүйесі ауруларының алдын алу, анықтау және емдеумен айналысады.
Жүйке жүйесінің күрделі құрылысы Наргиза Дәуренбекқызының қызығушылығына о баста себеп болып, нәтижесінде осы мамандықты игеруге ниет етті, жан дүниесімен қалап, қадамы нық болған соң, арман орындалып, мақсат жүзеге асты.
Наргиза Дәуренбекқызы өзін медицина саласындағы жас маман санайды, жалпы резидентураны қосқанда 3 жылдық еңбек тәжірибесі бар. Осы уақыт аралығында дәрігер көптеген науқастарға көмек қолын созып, кәсіби тәжірибесін жетілдіріп келеді.
Наргиза дәрігерден дәрігердің ең басты қасеиттері жайлы сұрағанымызда, дәрігер ең алдымен жауапкершілігі жоғары, сабырлы, мейірімді және адамға жанашыр болуы керектігін, сонымен қатар үнемі ізденіп, білімін жетілдіріп отыруы маңызды екенін тілге тиек етті.
Өз мамандығын сүйетін жас маманның өмірлік ұстанымы да жан сүйсіндіреді, әр істі адал атқарып, адамдарға пайда келтіру, аурудың алдын алуға көп күш жұмсау нәзік жанды дәрігердің берік ұстанымы.
Дәрігердің айтуынша, қазіргі таңда медицина саласында оң өзгерістер көп. Заманауи құрал-жабдықтар мен жаңа технологиялар енгізілуде. Дегенмен, мамандар санын көбейту, материалдық-техникалық базаны нығайту және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттілігі бар. Сондай ақ, невролог дәрігер ретінде неврология саласында диагностикалық мүмкіндіктерді одан әрі дамыту маңызды деп есептейді.
Қайталаудан жалықпаймыз, дәрігер – аса қиын әрі жауапты мамандық. Мұнда адам өміріне қатысты шешімдер қабылданып, қателесуге мүмкіндік берілмейді. Соған қарамастан, осынау салаға батылдықпен аяқ басып, ыстығы мен суығына дес бермей кеде жатқан ақ халатты абзал жан Наргиза Дәуренбекқызы қандай да болса құрметке лайық.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы