«Кітап оқудың не қажеті бар? Қазір керек ақпараттың бәрін интернеттен табуға болады ғой». Бүгінгі таңда кітапханашылар жиі еститін сұрақтың бірі – осы. Әрине, интернет бізге керекті мәліметті бірнеше секундта тауып бере алады. Ал кітап адамға сол мәліметті ой елегінен өткізуге үйретеді. Сондықтан ақпарат көп заманда ойды тереңдету маңызды.
Қазіргі таңда интернет қоғамның маңызды ақпараттық құралына айналғаны рас. Бірақ ондағы мәліметтің бәрі шынайы бола бермейді. Сондықтан қазіргі оқырманның міндеті тек оқу емес, медиасауатты болу, деректі тексеру, ақпаратты талдау. Ал сапалы кітап сананы сергітіп, ойыңды тереңдетеді.
Мәселен, көркем әдебиет адамның эмоциясын түсінуге, өзгенің жағдайын сезінуге, өмірге әр қырынан қарауға ықпал етеді. Тарихи кітап өткенді танытады. Ғылыми әдебиет дүниенің заңдылықтарын түсіндіреді. Өмірбаян адам тағдырынан сабақ алуға мүмкіндік береді. Көркем шығарма жандүниеңді байытады. Ал жақсы публицистика қоғамдағы құбылыстарға сергек қарауға үйретеді. Бір сөзбен айтқанда, кітап адамның ішкі әлемін кеңейтеді.
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы – білім мен мәдениеттің, ақпарат пен шығармашылықтың тоғысқан ортасы. Кітапханаға келген адам сөрелерден өзіне қажетті кітапты тауып қана қоймайды. Мұнда қаламгерлермен кездесуге, ақын-жазушылардың шығармашылығымен жақынырақ танысуға, әдеби кештер мен кітап тұсаукесерлеріне, пікірталастар мен тағылымды кездесулерге, түрлі мәдени-ағартушылық іс-шараларға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Облыстық кітапхана қорында 200 мыңға жуық кітап бар. Бүгінгі кітапхана – бұрынғы түсініктегі тек кітап беретін мекеме емес. Ол – мәдениет, білім, қарым-қатынас және шығармашылық орталығы.
2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта кітап оқу мәдениетін дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, зерделі, шығармашыл және бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды. Сонымен қатар жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру міндеттері белгіленді.
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамыған қазіргі дәуірде адамның өздігінен ойлау қабілеті бұрынғыдан да маңызды мәнге ие болып отыр. Бүгінде жасанды интеллект ауқымды ақпаратты санаулы сәтте өңдеп, қажетті деректі лезде ұсына алады. Іздеу жүйелері де адамға уақыт үнемдеп, ақпарат кеңістігінен керегін жылдам табуға жағдай жасайды. Алайда технология қанша дамығанымен, адамның ішкі әлемін қалыптастырып, өмірлік ұстанымын айқындап, ар-ұяты мен адамгершілік өлшемін белгілей алмайды. Өйткені адамды адам ететін қасиет – дайын ақпаратты білу ғана емес, сол ақпаратты саралап, дұрыс пен бұрысты ажырата білу. Рухани кемелдену бір сәтте қалыптаспайды. Бұл – үздіксіз ізденісті, зерделеуді және саналы таңдауды қажет ететін үдеріс. Осы тұрғыдан алғанда кітаптың құндылығы ешқашан төмендемейді.Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру бағытының түпкі мәні де осында.
Кейде кітапханаға баруды арнайы уақытты қажет ететін үлкен іс сияқты қабылдаймыз. Шын мәнінде, бәрі қарапайым. Бір күні кітапханаға кіріп, өзіңізге ұнаған кітапты таңдап көріңіз. Қандай кітап оқығыңыз келетінін айтыңыз. Ең бастысы, кітапты қолға алып, алғашқы бетін ашыңыз.
Кітап оқуды бастау үшін ертеңді күтудің қажеті жоқ. Бір кітаптан бастаңыз. Күніне бірнеше бет оқыңыз. Бастысы оқу әдетке айналсын.
Өйткені кітап оқитын адам өз уақытын ғана емес, өз болашағын да өзгертеді. Ал кітап оқитын ұлт – ойы озық, рухы мықты, бәсекеге қабілетті ұлт.
Кітапханада жолыққанша, құрметті оқырман!
Айман ТАРБАЕВА,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері