Перейти к содержимому

Өнімдері сұранысқа ие кәсіпорын

25 қаралым

Тұздыбастау ауылында орналасқан «Макария» ЖШС өндіретін азық-түлік өнімдері өңірде ерекше танымал және жоғары  сұранысқа ие. Бұл кәсіпорынды ширек ғасыр бұрын алматылық кәсіпкер Гүлнара Данилова құрған. Көпжылдық тәжірибесі бар технолог  шағын цехта ет және ет-өсімдік консервілері мен шұжық өнімдерін өндіріп, оны сатумен айналыса бастаған.   Соңғы жылдары оған қосымша құрғақ дәм өндірісі де жолға қойылды.

Қазір компанияны кәсіпкердің сіңлісі  Рызбангүл Жармағамбетова басқарады. Оның айтуынша, өнім Қазақстандағы ет өнімдерін өндірушілер арасында лайықты орын алады. Бұған өңірлік және халықаралық түрлі көрме мен бизнес-форумдарда алған көптеген марапат нақты дәлел.

– Біз пайдаланатын сапалы шикізат, консерві және шұжық өнімдерін дайындаудың заманауи технологиялары бізге кең танымалдылық пен жақсы сатылым жасауға мол мүмкіндік берді. Өнімді ең озық технологиялық жабдықтарда жоғары білікті жұмысшылар өндіреді. Бұдан басқа, консервілеу үшін қалбырлар дайындайтын арнайы құрылғымыз бар.  «Макария» ЖШС 2001 жылдан бастап, бүкіл Қазақстан Республикасы бойынша ет және ет-өсімдік консервілерін дайындаумен және жеткізумен айналысады. Компания тек ет-консерві өнімдерін өндіру ғана емес, сонымен қатар өзінің қаңылтыр ыдыс шығаратын  өндірістік базасы және заманауи технологиялық жабдықтармен қамтылған. Ет консервілері 100, 250, 325, 338 грамм салмақта өлшеп-ораумен шығарылады, – дейді кәсіпкер. Бұдан басқа, 2010 жылдан бастап компания шұжық өнімдерін шығаруды да игерген. Ал 2014 жылы ассортиментке паштеттер қосылды. Барлық өнім мемлекеттік және кәсіпорын стандартының барлық талаптарына жауап береді, СТ-KZ сериялық өндірісінің сертификаттары және тауардың шығу тегі туралы сертификаты, сондай-ақ сапа менеджменті сертификаты бар. Өндіріс отандық өндіруші ретінде «Самұрық-Қазына» және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде тіркелген.

2006 жылдан 2024 жылға дейін «Макария»  кәсіпорны бюджеттік ұйымдармен мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурсқа қатысқан. Мемлекеттік ұйымдардан әскери қызметшілердің жеке тамақтану рационының жиынтығы, балық консервілері, иттерге арналған ет консервілері мен шұжық өнімдерін жеткізуге тапсырыстар алыныпты. 

Кәсіпкер сондай-ақ компания Астана қаласындағы барлық республикалық және қалалық «Қараөткел» көрмесіне белсене қатысып, жоғары сапалы өнімдері үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің дипломдарымен марапатталғанын айтты. Милан қаласындағы, Ресейдегі  және КАДЕХ халықаралық көрмелеріне де қатысқан. Кәсіпорында адал  қызметі  үшін ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан берілген дипломдар да бар.

«Макария» кәсіпорны Оңтүстік Кореяда, Иорданияда, Израильде бизнес-форумдарға қатысып, мол тәжірибе жинақтаған. Жақында кәсіпорын Мәскеудегі «Бүкіл тамақтану әлемі» көрмесіне қатысып, үлкен жетістікпен оралды.  Ал 2017 жылғы тамызда Астанада «Қазақстанда жасалған» қазақстандық тауар өндірушілерінің көрмесіне қатысып, арнайы дипломмен марапатталған еді. Биыл Алматыдағы «Қала күні»   мерекесінде «Макария» қазақстандық өндірушілер арасында бұқтырылған сиыр еті өнімі үшін «Мінсіз сапа» дипломы мен арнайы белгісін жеңіп алды.  Жалпы «Макария» ЖШС – бүгінгі таңда Алматы облысындағы ет консервілерін өндіретін жалғыз отандық өндіруші. Компанияның қызметі «Элита Жетісу», «Элита бизнеса», «Кто есть Кто» кітаптарында алтын әріптермен жазылып, лайықты бағаланды.  Ал 2022 жылы «Қазақстанның ауыл шаруашылығы» кітабына енді.

Қазіргі кезде бұл үздік компанияда 30-ға жуық қызметкер бар. Ұжым өте ұйымшыл. Мұнда қызметкерлер декреттік не зейнет демалысына шығатын болса,   100 пайыз сыйақымен қамтылады. Компанияның ұраны – «Тек алға!». Директор кәсіпорынның әрі қарай да дамуы үшін бірнеше бағыт бойынша жұмысты жақсарту қажет дейді. Атап айтқанда өнім сапасын үнемі бақылап, жаңа жеткізушілермен байланыс орнату, үнемі жаңа өткізу нарығын іздеу керек.

Иә, халқымыз ежелден «Талпынған жетер мұратқа»,– дейді. Алдына нақты мақсат қойып, жоспарлы түрде жүйелі жұмыс істейтін кез келген кәсіпкер мақсатына жетпей қоймайды. «Макария» да бұл үдеден шығатыны күмәнсіз.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы