Тауға аттанар алдында біз аға нарядшыдан Күркілдек сарқырамасының қай жерде екенін сұрадық. Алыс екен. Шұбартал жайлауында көрінеді. Өзінің биіктігі 54 метр болып келетін субұрқақ құз-қия жақпартастар мен ну орманның ішінде болғандықтан да өзін шекарашылардан басқа көп ешкім біле бермейді…

Біз мұны неге тәптіштеп айтып отырмыз. Ықыластана айтып беруге бармыз. ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына қарасты «Сарытөбе» шекара бөлімшесі бертінге дейін бізді қызықтырған сарқыраманың атауын еншілеп келген болатын. Ал, Күркілдектің өзі туралы деректі прозаның дарабозы Жанболат Аупбаев өзінің «Елім менің ертегі» атты кітабында: «Қиядағы құздан күркіреп тұрып ағатын арынды да, айбынды осы бір күміс моншақты су бұрқақтары көп елде кездесае бермейтін құбылыс. Ол тек аспанмен таласқан таулары бар аймақта ғана, сондағы алып шың құздардың қар мен мұз басқан жақпартасты жондарында ғана пайда болатын табиғат туындысы. Ғажабы сол, сарқырама деп аталатын осындай сұлу да сиқырлы көріністерден Жаратушы иеміз біздің Қазақ елін де кенде етпеген. Оған Алатаудағы Аюлы, Жоңғар қақпасындағы Мұздыбұлақ, Алтайдағы Көккөл, Тянь-Шаньдағы Күркілдек су құламалары анық дәлел…» – деп, қалам тербеген болатын. Міне, журналист-жазушы ағамыз осылай деп тамаша суреттеген сарқыраманы біз де бір көрмекке ниеттенген жайымыз бар еді. Өкінішке қарай, ол жаққа тек барлау-із кесу тобы ғана бара алады екен. Оның өзінде Шекара қызметінің мықты деген қызмет аттарымен ғана…
Әрине, шекарашы журналист үшін мұндай мүмкіндікке қол жеткізу қиын емес. Бірақ сарқырамаға дейін созылып жатқан ондаған шақырымды атпен басып өту үшін бізге уақыт керек. Ал уақыт – дәл қазір біз үшін алтыннан да қымбат еді. Сондықтан сарқырамаға қарай аттанудың орнына, шекара бөлімшесі бастығының орынбасары, аға лейтенант Иманғали Бисимбеков бастаған шекара нарядымен бірге сол қапталдағы шекара шебін аралап, тау ішіндегі шекарашылардың күнделікті қызметін көзбен көріп, суретке түсіруді мақсат тұттық…. Жас офицер бастаған шекара нарядының құрамындағы бөлімше кинологы, кіші сержант Маргелан Құрбановқа бұл соқпақтың әрбір бұрылысы етене таныс. Ал мерзімді қызметтегі сарбаздар – қатардағы жауынгерлер Мирас Рысбеков пен Расул Жақсылық үшін бұл жолдың әр қадамы – тәжірибе. Мұнда олар шекара күзетінің қыр-сырын меңгеріп, алған білімдерін іс жүзінде шыңдай түседі. Өйткені шекарадағы әрбір наряд – жас сарбаз үшін өз ісіне шыңдалудың, жауапкершілігін арттырудың және нағыз шекарашы ретінде қалыптасудың мектебі. Тау ішімен келе жатып, сылдырлап ағып жатқан судың үстінен түстік. Бұлақ екені даусыз еді. Таудың саф алтындай тап-таза, дәмі бал татитын мұздай суды көре салып, өзіміздің әбден «шөлдегеніміз» есімізге түскен. Сол-ақ екен, иығымызға ілген «қаруымыз» — фотоаппаратымызды ағаштың мықты бұтақтарының біріне іле салып, бірден бұлаққа ұмтылдық. Ал шекарашылар сәл кідіріс жасағаны болмаса, өздері өте сақ, тау ішінің әрбір сырт еткен дыбысын қалт жібермеген. Шекара наряды өзінің қызметін жалғастырып жатыр еді… Осы кезде… Иә, осы кезде қалың орманның ішінен аттар шыға келген. Таудың желмен жарысқан сәйгүліктері әдемі еді. Өздері адамдардан жатырқамаған. Бізге «кімсіңдер?», дегендей осқырына қарағандары болмаса, жайбарақат қалыптарынан танбаған. Шөпті бырт-бырт үзген күйі жайылуға кіріскен. Шекарашылар да селт ете қоймаған. Сөйтсек, осы маңдағы малшы ағайындардың бірінің бос жіберген жылқылары көрінеді. Осылайша, табиғаттың аясында өткен қызмет – шекарашыларға ғана емес біз үшін де сәтті аяқталып еді. Қоржынымыз жақсы суреттерге толып, бөлімшеге көтеріңкі көңіл күймен оралдық. Айтпақшы, капитан Әлібек Әбдез басқаратын «Сарытөбе» шекара бөлімшесі – Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасындағы ең мақтаулы ұжым атаныпты. Мұндайда жеке құрамның жауынгерлік тәртібі ғана рөл ойнамайтыны, шаш-етектен жасалған жұмыстардың арқасы екені хақ. Осы жерде бізді шекараға бастап шыққан офицер туралы да сөз қозғамай кетуге болмайды. Аға лейтенант И. Бисимбеков – ҰҚК Шекара академиясының 2024 жылғы түлегі. Өзі елордамыз – Астана қаласынан. Шекарашылардың оқу ордасын тәмамдағаннан кейінгі алғашқы ұжымы да осы екен. Басшылықтың пікіріне құлақ түрсек, жас офицер болашағынан зор үміт күттіретіндердің бірі. Бұған біз де шек келтірмедік. Офицердің шымыр тартқан тұлғасына қонымды жарасқан әскери формасы ғана емес, өзін ұстауы, әр қимылынан аңғарылған жинақылық пен сенімділік те соны аңғартқандай еді.Міне, тарихы 1968 жылдың 6 шілдесінен басталатын «Сарытөбе» шекара бөлімшесінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Ең бастысы, мұнда мақтауға, мақтан етуге әбден лайықты шекарашылар қызмет атқарады. Біз өзінің анау-мынау емес, Күркілдек сарқырамасымен дараланатын ұжымнан осындай ой түйіп аттандық.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы