Күз айының алғашқы аптасында әскерге шақыру науқаны басталды. Алғашқы лекпен Алматы облысының орталығы Қонаев қаласынан 25 азамат ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы бойынша департаментінің Райымбек ауданы бойынша шекара басқармасына аттанды. Алдағы уақытта тағы жүздеген бозбала шекарашылар сапын толықтырады.

Алматы облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің пунктіне арнайы ат басын тіреген бізді межелі орындағы шағын алаңда сап түзеген жас жігіттер қарсы алды. Қуанарлығы, олардың жүздерінен қобалжуды байқамадық. Керісінше, өздерін көңілді, сергек ұстаған бозбалалардың бойларын мақтаныш кернеп, шын мәнінде Отан қорғаушы атанатынын сезініп тұрғандай.
Алматы облысы бойынша департаментінің тәрбиелік, идеологиялық және кадрлар жұмысы басқармасы бастығының орынбасары – бөлім бастығы, подполковник Асхат Айсағалиев бастаған біздің топты Райымбек батырдың өңіріне аттануға дайын тұрған 25 болашақ сарбаз бен олардың ата-аналары қарсы алды. Мұнда өңірлік «Qonaev Media» телеарнасының түсірілім тобы да бар екен. Әріптестерімізбен амандасып, танысқан соң, біз де осындағы өз міндетімізге кірісіп кеттік. Мұндайда белгілі: алдымен камера алдында сұхбат беретін кейіпкерлерді іздеп табамыз. Бұл жолы да көп іздеудің қажеті болмады.
Департамент өкілі, подполковник Асхат Айсағалиев пен әскер қатарына аттануға сақадай сай тұрған болашақ сарбаздар – Айдос Айдынұлы мен Шахнияз Сайтов тілші қойған сауалдарға мүдірмей жауап берді. Сардар – жастарды әскерге шақыру науқаны жайын тілге тиек етсе, жас жігіттер алда күтіп тұрған әскери өмір туралы өз ойларын ортаға салды.
Көп ұзамай, «Күз — 2026» шақырылымы сарбаздарының алғашқы легін шекара басқармасына шығарып салуға арналған рәсім де басталған.
Салтанатты жиында әскери қызметке аттанғалы тұрған 25 жас азаматқа ақ жол тілектері айтылып, Отан алдындағы азаматтық борышты өтеудің маңызы атап өтілді. Қатаң іріктеуден өткен жастар енді ел шебін күзетуге жауапты шекара басқармасының сапына қосылып, әскери тәртіп пен жауынгерлік даярлықтың алғашқы сабақтарын меңгермек. Оларды алда әскери өмірдің жаңа кезеңі, жауапкершілік пен шыңдалу мектебі күтіп тұр.
Іс-шара барысында болашақ сарбаздарға әскери қызметтің талаптары мен ерекшеліктері түсіндіріліп, ел тыныштығы мен мемлекеттік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шекарашылардың қызметіне тоқталған подполковник Асхат Айсағалиев:
– Әскери қызмет – ер азамат үшін үлкен жауапкершілік мектебі. Сіздерге мемлекетіміздің ең маңызды шептерінің бірі – мемлекеттік шекараны қорғау міндеті сеніп тапсырылмақ. Мерзімді қызметтерін өтеген соң келісімшарт негізінде әскери қызметке орналасқысы келетіндер үшін мүмкіндік көп. Мәселен, ҰБТ тапсырусыз еліміздің жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант негізінде оқуға түсу де қарастырылған. Бұған қоса, отандық және шетелдік жоғары әскери оқу орындарын таңдау құқығы беріледі, — деді.
Салтанатты рәсімге жас сарбаздардың ата-аналары мен жақындары да қатысып, перзенттеріне ақ баталарын берді. Олар үшін бұл күн – толқынысы мен қуанышы қатар өрілген ерекше сәт.
Бүгін туған елінен әскери сапарға аттанған 25 жас жігіт үшін жаңа өмір кезеңі басталды. Ал олардың әр қадамы Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге, нағыз азамат ретінде қалыптасуға бастайтын жауапты жол болмақ.
Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,
ҰҚК Шекара қызметі
Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз хатшысы