Перейти к содержимому

Сөз тазалығын сақтайық!

12 қаралым

«Ұлттың жоғалуына да, сақталуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, ұлттың қалыптасуы мен сақталуында тілдің орны айрықша. Тіл – ұлттың рухани тірегі ғана емес, оның болмысын, тарихын, мәдениеті мен дүниетанымын айқындайтын басты құндылық.

Бұл мәселе Алаш зиялыларының еңбектерінде де кеңінен сөз болды. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіл білімінің негізін қалап қана қоймай, қазақ әліпбиін жасап, араб жазуын қазақ тіліне икемдеді. Қазақ балаларына ана тілінде білім беруге жол ашатын оқулықтар жазып, қазақ тілінің грамматикасын жүйеледі. Ал Әлихан Бөкейханов қазақ тілінің мемлекеттік, қоғамдық маңызын арттыруға күш салды. Қазақ мектептерін ашу, балалардың ана тілінде білім алуы мәселесін көтерді. Тіпті қазақ баспасөзінің дамуына ықпал еткен зиялы қауым өкілдері сол кезеңнің өзінде қазақ тіліндегі кітаптарды басып шығарып қана қоймай, оны халыққа таратып, оқырман қатарын қалыптастыруға ұмтылды. Мұндай игі істің жалғасын кейінгі буын өкілдері де жалғастырды. Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды тұлғалар қазақ тілінің ұрпаққа мұра болып жетуіне өлшеусіз үлес қосты. Олар ана тіліміздің қадір-қасиетін сақтауды кейінгі буынға аманат етті. Әрине, уақыт өткен сайын қазақ тілінің мәртебесі мен болашағы туралы мәселелер қоғамда қызу талқыланып келеді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған түрлі іс-шаралар да тұрақты түрде жүзеге асуда. Мұның барлығы қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның қоғамдық өмірдегі қолданысын арттыруға бағытталғаны анық. Алайда мемлекеттік тілдің беделін арттыру тек оның қолданылу аясын кеңейтумен шектелмейді. Тілдің тазалығын сақтау, сөзді дұрыс қолдану, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру да аса маңызды.
Ана тілі – рухани құндылығымыз, баға жетпес қазынамыз. Сондықтан қазақ тілінің табиғи қалпын сақтау әрқайсымызға ортақ міндет. Бүгінде тіліміз тек орыс тілінен енген сөздер арқылы ғана шұбарланып отырған жоқ. Орыс тіліндегі кейбір сөздердің мағынасын дәл түсінбей, сөзбе-сөз аудару, яғни калька тәсілін орынсыз қолдану да қазақ тілінің табиғилығына кері әсерін тигізуде. Бұған қоса жаргон сөздердің орынсыз қолданылуы да тіл мәдениетіне салқынын тигізіп отыр. Мәселен, «краш», «изич», «базар жоқ» секілді әдеби тіл нормасына жатпайтын сөздердің күнделікті қолданысқа енуі жастардың сөйлеу мәдениетіне әсер етуде. Шет тілінен енген немесе бұрмаланған сөздерді шамадан тыс қолдану қазақ тілінің бай сөздік қорын пайдалануға деген қажеттілікті төмендетеді. Қазақ тілі – түркі халықтарының арасындағы өзіндік әуезі мен бай өрнегі бар көркем тіл. Сөздік қорының байлығы, синонимдерінің молдығы арқылы бір ғана ойды бірнеше түрлі реңкпен жеткізуге болады. Бұл – қазақ тілінің көркемдік қуаты мен мүмкіндігінің кеңдігін көрсетеді. Алайда қазіргі кезде орыс тілінен қазақ тіліне аударылған кейбір сөздер мен сөйлемдердің мағынасы дұрыс жеткізілмей, тіл табиғатына қайшы қолданыстар пайда болып жүр. Мәселен, Ольга Примаченконың «К себе нежно» атты кітабының қазақ тілінде «Өзіңе нәзік түрде» деп аударылуы осындай сөзбе-сөз аударманың мысалы бола алады. Мұндай жағдайда сөйлемнің немесе сөз тіркесінің қазақ тіліндегі табиғи баламасын іздеген жөн. Себебі аударма кезінде сөздің сыртқы тұлғасын емес, оның мағынасын, мазмұнын және ұлттық тілдік қолданысын негізге алу қажет. Бұл тұрғыда ұлы ақын, аудармашы Абай Құнанбайұлының аударма өнері бізге үлгі болуы тиіс. Абай Пушкин мен Крылов шығармаларын қазақшаға аударғанда сөзбе-сөз тәржімалаумен шектелмей, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық дүниетанымын ескеріп, шығармаларды қазақы ұғымға жақындата білді. Кей тұста түпнұсқадағы ойды қазақтың төл ұғымымен жеткізіп, өз жанынан өлең жолдарын қосқан. Бұл – аудармаға деген шынайы шығармашылық көзқарастың биік үлгісі.
Ал бүгінгі таңда калька сөздер тілдің табиғи қолданысын әлсіретіп барады. Мысалы, орыс тіліндегі «является» сөзін қазақшаға «болып табылады» деп сөзбе-сөз аудару жиі кездеседі. Мұндай тіркестерді орынсыз қайталай беру қазақ тілінің бай әрі шұрайлы сөздік қорын еркін қолдануға кедергі келтіреді. Көп жағдайда «болып табылады» деген ауыр тіркестің орнына қазақ тіліндегі қарапайым әрі табиғи «саналады», «болды», «есептеледі» секілді баламаларды қолдануға болады. Қоғамдық орындарда да қазақ тіліндегі дайын әрі түсінікті баламалардың орнына орысша нұсқалардың қолданылуы кездеседі. Мәселен, тамақтану орындарында ас мәзірін сұрағанымызда, қазақша «Мәзір» деген сөздің орнына «Меню» деген жазуды жиі көреміз. Кейде көшелердегі баннерлерден де қазақ тіліне аударылған сөздердің өзінен қате табылып жатады. Бұл – аударма мәдениетіне жауапкершілікпен қараудың қажеттігін көрсетеді. Осындай олқылықтарды тіл жанашыры, филолог, аудармашы Назгүл Қожабек көтеріп жүрген өзекті мәселелерден де аңғаруға болады. Ол қазақ тілінің тазалығы мен дұрыс қолданылуы, аударма мәдениеті мәселелерін үнемі назарда ұстап, қоғамды ана тілінің табиғилығын сақтауға шақырып келеді.
Тілдің мәртебесін көтеру – бір адамның немесе белгілі бір мекеменің ғана міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатқысы келген әрбір азамат ең алдымен өзінен бастауы керек. Қазақ тілін дұрыс сөйлеу, орынды қолдану, оның бай сөздік қорын пайдалану, калькадан арылу – ана тілімізге деген құрметтің нақты көрінісі. Тіл тазалығы – тілге жанашырлықтың өл­шемі. Қазақ тілін құрмет­теу дегеніміз оны тек ресми жиындарда немесе арнайы іс-шараларда қолдану­мен шектелмейді. Ол – күнделікті сөйлеген сөзі­міз­ден, жазған мәті­ні­мізден, жасаған аудар­­­мамыздан, қоғам­дық орындардағы жазу­лардан көрінуі тиіс.

Алтынай СЕЙІТКЕН