Тіл – ұлттың рухани өзегі, халықтың тарихи жады мен мәдениетінің айнасы. Ана тілі арқылы ұрпаққа елдің дүниетанымы, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтары жетеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, оның қоғамдық өмірдің барлық саласында кеңінен қолданылуына жағдай жасау – елдігімізді нығайтатын маңызды міндет.
5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күніне орай бұл мәселенің маңызы тіптен арта түседі. Атаулы күн еліміздегі барлық тілге құрметпен қарап, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын айқындауға, оны үйреніп, күнделікті өмірде қолдануға үндейді. Алматы облысында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін қалыптастыру және көптілділікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл бағыттағы бастамалар облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып, азаматтардың тіл үйренуіне қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілуде. Өңірдегі тіл саясаты Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңы және Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Осы міндеттерді орындауда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, ономастика саласын жетілдіру, тұрғындардың тіл үйренуіне жағдай жасау және тіл мәдениетін арттыру бағыттарында жұмыстар атқарып келеді. Жыл басынан бері өңірде тіл мәдениетін арттыруға, көптілділікті қолдауға және қазақ тіліндегі сапалы контентті дамытуға бағытталған бірқатар іс-шара өткізілді. «Көп тіл – бір әлем», «Сөз құндылығы – цифрлық дәуірде», «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы», «Үздік оқытушы», «Жарнама – тіл тазалығы», «Ахмет Байтұрсынұлы және ұлттық руханият» атты облыстық бастамалар соның қатарында. Бұл жобалар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп қана қоймай, оның заманауи кеңістіктегі қолданысын кеңейтуге жол ашып отыр.
Қазіргі таңда қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі қолданысын арттыру да маңызды бағытқа айналды. Әлеуметтік желілерде, цифрлық платформалар мен заманауи медиада сапалы қазақша контенттің көбеюі – тілдің өміршеңдігін қамтамасыз ететін факторлардың бірі. Тіл саясатының тағы бір маңызды саласы – ономастика. Жер-су, елдімекен, көше, білім және мәдениет нысандарының атауы халықтың тарихи жады мен ұлттық болмысының көрінісі. Өңірде ономастикалық жұмыстар заң талаптарына сәйкес жүргізіліп, тарихи атаулар зерделеніп, атау беру және қайта атау мәселелері қарастырылады. Бұл ретте әр атаудың тарихи, мәдени және тілдік мағынасына мән беріледі. Өйткені ономастика – атауларды ретке келтірумен ғана шектелмей, жергілікті жердің тарихын таныту, тарихи сананы жаңғырту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісі.
Мемлекеттік тілді үйренуге ниетті азаматтарға жағдай жасау да – басқарма жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Осы мақсатта Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы жүйелі қызмет атқарып келеді. Орталыққа қарасты облыстағы 9 аудандық және 2 қалалық филиал тұрғындарға тұрғылықты жеріне жақын жерде тіл үйренуге мүмкіндік береді. Мұнда ересек азаматтарға қазақ тілін оқыту курстарымен қатар, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру және әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға іс жүргізуде қазақ тілін сауатты қолдану, терминдерді дұрыс пайдалану және ресми мәтіндерді құрастыру бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі.
Бүгінде мемлекеттік тілді дамытуға деген көзқарас жаңа сипат алып келеді. Тілді тек міндет емес, ел азаматтарын біріктіретін ортақ құндылық ретінде қабылдау маңызды. Оның ғылымда, білімде, мәдениетте, ақпарат кеңістігінде, мемлекеттік басқаруда және қоғамдық өмірдің барлық саласында еркін қолданылуы – уақыт талабы. 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні барша азаматты ана тілін ардақтап, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосуға үндейді. Тілге құрмет – елге құрмет. Тілдің тұғыры биік болған жерде ұлттық бірлік те нығая түседі. Өңірімізде осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын тауып, мемлекеттік тілдің қоғамдық өмірдегі орнын одан әрі нығайтуға бағыттала береді.
Салтанат Беспаева,
Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы