Бүгінде «Таза Қазақстан» — тек экологиялық акция немесе кезекті сенбілік емес. Бұл — туған қалаға, айналадағы адамдарға және балаларымыздың болашағына деген құрметті білдіретін өмірлік мәдениет.
Қала аумағында абаттандырудың жаңа қағидалары қолданыста. Оған сәйкес әрбір тұрғын үй иесі, кәсіпкерлік нысан және ұйым өз аумағына іргелес жатқан 5 метрлік жердің тазалығы мен тәртібіне жауапты. Яғни қоқысты уақтылы жинау, арамшөпті тазарту, құрылыс қалдықтарын ретсіз жинамау, қоршаулар мен нысан маңын тиісті жағдайда ұстау — баршамызға ортақ міндет.
Бес метр — аса үлкен аумақ емес сияқты көрінуі мүмкін. Алайда әр азамат өз үйінің, әр кәсіпкер өз нысанының айналасын таза ұстаса, тұтас көше, шағын аудан, қала көркейеді. Қолайлы орта дәл осындай қарапайым әрі күнделікті іс-әрекеттен қалыптасады: таза аула, қауіпсіз көше, ұқыпты қоғамдық орындар және бір-бірімізге деген жанашырлық.
Абаттандыру — тек коммуналдық қызметтер мен әкімдіктің міндеті емес. Мемлекеттік органдар қоғамдық аумақтарды күтіп ұстау, қоқыс шығару, жасыл желекті көбейту және талаптардың сақталуын бақылау жұмыстарын ұйымдастырады. Бірақ тұрғындардың, кәсіпкерлердің, жастардың, ардагерлер мен қоғамдық белсенділердің қатысуынсыз оң нәтиже болмайды.
Алатау қаласының әрбір тұрғынын «Таза Қазақстан» бастамасын қолдауға шақырамын. Тазалықты өз аулаңыздан, үйіңізден, көшеңізден және жұмыс орныңыздан бастайық. Қоқысқа бейжай қарамай, жасыл желекті қорғап, өскелең ұрпаққа тазалықтың туған жерге деген құрметтен басталатынын бірге үйретейік.
Таза, көрікті әрі жайлы Алатау — баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі.
Қалдықыз ЕСЕНБАЕВА
Алатау қаласы