Алатау қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
Рейдке қала әкімдігінің ішкі саясат бөлімі қызметкерлері мен полиция өкілдері бірлесіп қатысты. Іс-шара барысында жасөспірімдердің кешкі және түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз көшелерде және қоғамдық орындарда жүруіне, сондай-ақ компьютерлік клубтар мен басқа да ойын-сауық орындарында белгіленген уақыттан кейін болуына бақылау жүргізілді.
Рейд барысында мамандар жасөспірімдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударды. Ата-аналар мен заңды өкілдерге кәмелетке толмаған балалардың кешкі уақытта қараусыз жүрмеуін қадағалау, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар компьютерлік клубтар мен жастар көп шоғырланатын орындардың қызметкерлеріне кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта болуына жол бермеу бойынша қолданыстағы талаптарды сақтау қажеттігі ескертілді.
Мұндай профилактикалық рейдтердің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру.
Қала әкімдігі мен полиция қызметкерлері алдағы уақытта да жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жалғастырады.
Заң мен тәртіпті сақтау – баршамызға ортақ міндет. Ал балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау – әр ата-ананың басты міндеті.
Роза ҮМБЕТОВА
Алатау қаласы