Жастар – елдің ертеңі, қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесі, азаматтық ұстанымы мен құқықтық сауаттылығы мемлекетіміздің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан жастар арасында заңды құрметтеу және өз құқықтары мен міндеттерін білу маңызды.
Қазіргі таңда ақпараттың қолжетімділігі жастарға көптеген мүмкіндік беріп отыр. Алайда интернет кеңістігінде әртүрлі ақпараттың қатар таралуы кейде жасөспірімдер мен жастардың құқықтық тұрғыдан қателесуіне әкелуі мүмкін. Әлеуметтік желідегі жазба, пікір немесе бейнематериалдың өзі белгілі бір жағдайда құқықтық жауапкершілікке себеп болуы ықтимал. Сондықтан кез келген ақпаратты таратпас бұрын оның салдарын ойлаған жөн.
Психологиялық тұрғыдан алғанда, жас адамның шешім қабылдауына достарының пікірі, эмоциялық жағдайы және қоршаған ортасы әсер етеді. Кей жағдайда жастар өз әрекетінің салдарын толық түсінбей, біреуге еріп немесе ашуға беріліп, заң бұзушылыққа жол беруі мүмкін. Осындай сәттерде сабыр сақтап, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау өте маңызды.
Заңды білу – қорқу үшін емес, өзіңді қорғау үшін қажет. Әр жас өз құқықтарын білгені сияқты, қоғам алдындағы міндеттерін де түсінуі керек. Құқық пен міндет – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар.
Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруда отбасы мен білім беру ұйымдарының да рөлі зор. Балаға заңды құрметтеуді тек жазалау немесе тыйым салу арқылы емес, оның мәнін түсіндіру арқылы үйрету қажет. Ата-ана баласымен ашық сөйлесіп, оның мәселесіне бейжай қарамаса, көптеген келеңсіз жағдайлардың алдын алуға болады.
Сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру да құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды жолдарының бірі. Спортпен айналысу, шығармашылыққа қызығу, еріктілікпен айналысу, түрлі білім беру жобаларына қатысу – жас адамның өз қабілетін дамытуына мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түрлі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалардың нәтижелі болуы жастардың өз белсенділігіне де байланысты.
Әрбір жас өз құқығын біліп, өзгенің құқығын құрметтеуі керек. Қандай жағдайда да мәселені күшпен емес, заңды жолмен шешуге ұмтылған жөн. Өйткені заңды құрметтеу – өзіңді ғана емес, айналаңдағы адамдарды да құрметтеу деген сөз.
Жастардың саналы таңдауы – қоғамның жарқын болашағы. Заңды білген, жауапкершілікті сезінген және өз әрекетінің салдарын түсінетін жас – елге пайдасын тигізетін азамат болып қалыптасады.
Жанерке ӘУЕЛХАН,
Райымбек ауданы Жастар ресурстық
орталығының психолог маманы