Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Саналы ұрпақ» жобасы аясында маңызды профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шараға колледждің 1-курс білім алушылары мен олардың ата-аналары қатысып, «Жаңа қадам – ортақ жауапкершілік: отбасы, колледж және конституциялық құндылықтар» тақырыбында өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесуге арнайы шақырылған Еңбекшіқазақ аудандық прокуратурасының қызметкері Гүлмира Сәрсенбаева жастарға құқықтық жауапкершілік, заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы құқыққа қайшы әрекеттердің себептері мен салдары жөнінде маңызды ақпарат берді. Сондай-ақ студенттерге өз құқықтары мен міндеттерін білу, кез келген жағдайда заң аясында әрекет ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және әрбір жасаған әрекеті үшін жауапкершілік танытудың маңыздылығы түсіндірілді. Жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, маманнан нақты жауаптар алды.
Жиынның тағы бір маңызды бағыты – студенттердің жаңа ортаға бейімделуі мен психологиялық жағдайын қолдау болды. Колледж психологі Жеңіскүл Хабаева 1-курс білім алушыларының бейімделу кезеңіндегі психологиялық ерекшеліктеріне тоқталып, ата-аналарға балаларымен дұрыс қарым-қатынас орнату, қолдау көрсету және олардың эмоционалдық жағдайына назар аудару жөнінде пайдалы кеңестер берді.
Іс-шара барысында отбасы, колледж және құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастықтың жастар тәрбиесіндегі маңызы ерекше аталды. Себебі жасөспірімнің құқықтық мәдениетін қалыптастыру – тек білім беру ұйымының ғана емес, ата-ана мен қоғамның да ортақ міндеті.
«Саналы ұрпақ» жобасы аясындағы мұндай кездесулер жастардың құқықтық білімін жетілдіріп қана қоймай, олардың бойында заңға құрмет, жауапкершілік, азаматтық ұстаным және қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың негізі, ал заңды құрметтеу – саналы азамат болудың басты белгісі.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы