2026 жылғы қыркүйек айында Алматы облысы Алатау қаласының бірқатар білім беру ұйымдарында «Заң және тәртіп» қағидатын насихаттау, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында профилактикалық кездесулер ұйымдастырылды.
Атап айтқанда, Жаңаталап ықшам ауданындағы №11 орта мектепте, Жаңадәуір ықшамауданындағы №12 орта мектепте, Жетіген ықшам ауданындағы №5 орта мектепте, Еңбек ықшам ауданындағы №7 орта мектепте және басқа да білім беру ұйымдарында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Кездесулерге Алатау қаласы полиция басқармасының басшылығы мен ювеналды полиция қызметкерлері қатысып, оқушыларға заң талаптарын сақтау, кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері, қоғамдық тәртіпті бұзудың салдары және мектептің ішкі тәртіп ережелерін орындау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, мектептерде буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, интернет қауіпсіздігі, жеке деректерді қорғау және әлеуметтік желілердегі құқықтық жауапкершілік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оқушыларға цифрлық ортада әдеп сақтау, өзгенің ар-намысы мен жеке өмірін құрметтеу және құқықбұзушылық жағдайында тиісті мамандарға жүгіну қажеттігі түсіндірілді.
Бұдан бөлек, №1 және №3 жалпы білім беретін мектептерде терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптары мен төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл тәртібі бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілді.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету және оқушылардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру.
Алатау қаласында бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, білім беру ұйымдары, полиция қызметкерлері және ата-аналар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады.
Ш. ИСЛАМОВ,
Алатау қалалық білім бөлімінің әдіскері
