Перейти к содержимому
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Алматы облысының бақтарында жиын-терін қызды

Алматы облысының бақтарында жиын-терін қызды

98 қаралым

Алматы облысында алма жинау жұмыстары қарқын алып келеді. Биыл өңір шаруалары шамамен 100 мың тонна алма жинауды жоспарлап отыр. Оның 80 пайызға жуығы еліміздің ішкі нарығына бағытталса, қалған бөлігі шетелге жөнелтіледі. Қазіргі таңда бақтарда жемісті жинау, іріктеу және сатылымға дайындау жұмыстары қызу жүргізілуде.

Еңбекшіқазақ ауданындағы шаруашылықтардың бірінде алма өсіру жұмысы 2017 жылдан бері жолға қойылған. Мұндағы бақтың көлемі 106 гектарды алып жатыр. Шаруашылықта алманың тоғыз сорты өсіріледі. Жеміс жинау науқаны кезінде мұнда 100-ге жуық жұмысшы еңбек етеді. Жиналған өнім алдымен сұрыпталып, сапасы тексеріледі, содан кейін сауда орындарына жөнелтіледі.

«Arnau Agro» ЖШС бас директоры Денис Шмидттің сөзінше, шаруашылық алма жинауды жуырда аяқтаған. Биыл ауа райының қолайсыздығына және аптап ыстыққа қарамастан, өнім көлемі көңіл көншітерлік. Жаз мезгілінде зиянкестердің де көбейгеніне қарамастан, шаруашылық 2,5 мың тоннаға жуық алма алған. Орта есеппен әр гектардан 40 тонна өнім жиналған.

Бүгінде облыста алма өсірілетін бақтардың жалпы аумағы 6 мың гектардан асады. Бұл бағытта Еңбекшіқазақ ауданының үлесі жоғары. Мұнда жыл сайын 30 мың тоннадан астам алма өндіріледі. Өңір шаруашылықтарында барлығы 21 түрлі алма сорты өсірілуде. Соңғы үш жарым жыл ішінде облыста шамамен 300 мың тонна алма жиналған.

Жеміс шаруашылығында заманауи технологияларды пайдалану да нәтижесін беріп отыр. Әсіресе суару жүйелерін жаңғырту бақтардың өнімділігін екі есеге дейін арттыруға мүмкіндік берген. Мемлекет тарапынан да бағбандарға қолдау көрсетіледі. Жаңа бақ отырғызу, ауыл шаруашылығы техникасын алу және тамшылатып суару жүйесін енгізу үшін субсидия қарастырылған.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, субсидия көлемі шығынның 80 пайызына дейін жетеді. Оның 50 пайызы республикалық бюджеттен, ал 30 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бұл қолдау шаралары бақ шаруашылығын дамытуға және отандық жеміс өндірісін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, ел аумағында алма импортына уақытша шектеу қойылған. Тыйым жыл соңына дейін сақталады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шешім отандық өндірушілерді қолдап, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беруді көздейді.

«Алатау – Ақпарат»

↑