Перейти к содержимому

Ұстаз ұлағаты

181 қаралым

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздардың бірі – Жанболат Бәйімбетов. Ол – өзінің кәсіби шеберлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен құрметке бөленген жан.

Жанболат Қазыкенұлы 1968 жылдың 27 маусымында Кеген ауданы Ақсай ауылында дүниеге келген. 1975 жылы Ақсай сегізжылдық мектебінің табалдырығын аттады. 1984 жылы негізгі орта білімді тәмамдап, сол жылы Есік педагогикалық учили­щесіне оқуға түседі.
1988 жылдың желтоқсан айында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанып, Ленинград қаласында әскери қызметін абыроймен аяқтап, елге оралды. 1990 жылдың қыр­күйегінен бастап Кеген аудандық білім бөлімінің жолдамасымен Тасашы орта мектебінде сызу, бейнелеу өнері және еңбек пәндерінің мұғалімі болды.
Білімге деген құштарлығы мен кәсіби ізденісі оны тоқтаусыз алға жетеледі. 1993-1998 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша жоғары білім алды. Осы кезеңнен бастап оның ұйымдастырушылық қабілеті де айқын көріне бастады.
1999 жылдың қыркүйегінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалса, араға бір жыл салып, Алматы облыстық білім басқармасының бұйрығымен Кеген ауданындағы Ақсай орта мектебінің директоры қызметіне бекітілді. Кейінгі жылдары педагог-ұйымдастырушы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, 2014 жылдан 2024 жылдың желтоқсан айына дейін Ақсай орта мектебінің директоры ретінде білім ордасының дамуына сүбелі үлес қосты.
2016-2017 жылдары Алматы қаласындағы педагогтердің шеберлігін арттыру орталығында мектепті басқару бойынша тоғыз айлық кәсіби курсты тәмамдап, сертификат иеленді. Ұзақ жыл бойы аудандық директорлар корпусының төрағасы, аудандық білім бөлімінің алқа мүшесі ретінде білім беру жүйесінің дамуына белсене атсалысты. Сондай-ақ 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық бірыңғай тестілеуін ұйымдастыру жөніндегі өкілі. Бүгінде жоғары санатты педагог-зерттеуші. 2025 жылдың 18 наурызынан Ұзынбұлақ ауылындағы Ыдырыс Көшкінов атындағы орта мектебінің директоры қызметін атқарып, мол тәжірибесін жаңа ұжымның дамуына бағыттап келеді.
Өз ісіне адал ұстаздың өмірлік ұстанымы да ерекше. «Мен бүгінгі таңда білім беру саласында 36 жылдай еңбек етіп келемін. Күн сайын алдымда отырған шәкірттеріме зер сала қараймын. Алға үмітпен талпынған олардың алдында менің де ұстаз ретінде үлкен жауапкершілігім бар екенін іштей сезінемін. Сондықтан өзіме қояр талабым да, алдыма қойған мақсатым да жоғары болуы тиіс. Себебі сол жарқыраған шамшырақты дер кезінде байқап, дер кезінде жаға білу – менің ұстаздық парызым», – дейді ол.
Бұл сөздерден оның мамандығына деген сүйіспеншілігі мен ұрпақ алдындағы жауапкершілігі анық сезіледі. Жанболат Қазыкенұлы ұстаздық жолды таңдағанына ешқашан өкінбегенін, керісінше елдің ертеңі болатын жас ұрпақты тәрбиелеуді өміріндегі ең үлкен мәртебе санайтынын мақтанышпен айтады.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі мем­лекет пен қоғам тарапынан да жоғары бағаланды. 2013 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минис­трлігінің Алғыс хатымен марапат­талса, 2015 жылы аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің Құрмет грамоталарына ие болды. 2018 жылы Президенттің Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыстық «Табысты көшбасшы – 2019» байқауында «Ұйымдастырушы басшы» номинациясының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар аудандық «Білім беру ұйымының табысты көшбасшысы» байқауларында ІІ орынға ие болды. «Мектеп басшы­ларының белсенді топтар шеберлік алаңы – 2021» байқауында да ІІ орын иеленді. 2024 жылы Алматы облыстық білім басқармасының «Білім беру сапасын арттырудағы инновациялық қызметтің тиімділігі» тақырыбындағы жұмысына белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Оның мектепті басқарудағы тиімді тәжірибесі 2014-2024 жылдары аудандық және облыстық деңгейде кеңінен таратылып, әріптестеріне үлгі болды.
Ұстаздың ең үлкен жетістігі – алған марапаттары ғана емес, өмір­ден өз жолын тапқан мыңдаған шәкірті. Себебі нағыз ұстаздың еңбегі дип­ломмен де, медальмен де өлшен­бейді. Ол – шәкірт жүрегіне еккен білімнің, адамгершіліктің және елге қызмет етудің нәтижесімен бағаланады.
Жанболат Қазыкенұлы – талай шәкірттің қолына білімнің алтын кілтін ұстатып, олардың болашағына жол ашқан бақытты ұстаз, ардақты азамат, аяулы әке.
Елдің ертеңі үшін еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстазға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейміз. Тәжірибесі мен тағылымы кейінгі буынға үлгі болып, білім көкжиегін кеңейту жолындағы еңбегі әлі де жалғасын таба берсін.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑