Перейти к содержимому

Қарттарым – асыл қазынам!

37 қаралым

Қарттар күніне орай Алатау қаласы отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен №6 жалпы білім беретін мектеп базасында «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбында мерекелік іс-шара өткізілді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың қоғамдағы еңбегін дәріптеу, жас ұрпаққа үлкенді сыйлау, ізет көрсету және адамгершілік құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

Мерекелік шара барысында қарттарға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында түрлі психологиялық ойындар мен қызықты жаттығулар ұйымдастырылды. Қатысушылар белсенділік танытып, ойындарға үлкен ықыласпен атсалысты. Психологиялық бағыттағы жаттығулар қонақтардың көңіл күйін көтеріп, өзара жағымды қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, мектеп оқушылары арнайы мерекелік бағдарлама ұсынып, өз өнерлерін ортаға салды. Оқушылардың орындауындағы әндер, музыкалық қойылымдар мен шығармашылық өнер нөмірлері жиналған қауымға ерекше әсер қалдырды. Әсем әуенге қарттарымыз да қосылып, ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл күйге бөленді.

Іс-шара барысында аға буын өкілдеріне ізгі тілектер айтылып, олардың өмірлік тәжірибесі мен өнегесі кейінгі ұрпақ үшін маңызды екені атап өтілді. Қарттардың ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесін жастарға үлгі ету, олардың қоғамдағы орнын құрметтеу – баршаға ортақ міндет екені кеңінен насихатталды.

Мерекелік шара соңында қатысушыларға алғыс білдіріліп, қарттарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен береке тілектер айтылды.


Бақытгүл ҚИЖАУКЕН, Алатау қаласы отбасын

қолдау орталығы құрылымдық бөлімше басшысы

↑