Перейти к содержимому

Қос қуаныш

81 қаралым

Қонаев қалалық кітапханасында Қазақстан Журналистер одағы Алматы облыстық филиалының кезекті жиыны өтті. Басқосуды ашқан аталған филиал төрағасы, Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар Қазақстан Журналистер одағының тарихынан сыр шертіп, өзі жетекшілік ететін ұйым тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жайына кеңінен тоқтала келе, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Келесі кезекте «Өлке тынысы» ЖШС директоры Ерлан Жұрынбаев пен Қуаныш Абайбекұлы Қазақстан Журналистер одағының жаңа мүшелеріне куәлік пен төсбелгі табыстады. Олар – Алматы облыстық «Огни Алатау» газетінің Жамбыл ауданындағы меншікті тілшісі Исмаилжан Иминов, облыстық «Алатау арайы» газетінің Талғар ауданындағы меншікті тілшісі Құтмағамбет Қонысбай, Alataunews.kz ақпараттық порталының шығарушы редакторы, журналист Гүлнара Досымшалова, облыстық «Огни Алатау» газетінің Еңбекшіқазақ ауданындағы меншікті тілшісі Айгүл Габсаттарова, Алматы облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Жас Алаш», «Алатау арайы», «Жетісу» газеттерінде тарих, шежіре, ауыл шаруашылығы, табиғатты қорғау, экология тақырыптарында көптеген мақала жазып жүрген Тынышбай Досымбеков.


Қазақстан Журналистер одағының жаңа мүшелері болған Исмаилжан Иминов, Құтмағамбет Қонысбай, Гүлнара Досымшалова сөз алып, өздерінің Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке өтулерін зор абырой санайтынын әрі жауапкершілік жүгінің салмағы арта түсетінін атап өтті.
Жиын барысында Тынышбай Досымбековтің «Боямасыз өмір» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізілді. «Екі дүниең абат болсын, қос тойың қабат болсын» демекші, қос бірдей қуанышқа кенелген Тынышбай Досымбеков жаңа туындысында Кеңес өкіметі орнаған кезден бүгінге дейінгі қазақ халқының жеткен жетістіктері мен басынан кешкен нәубет, қоғамда болған өзгерістер және өзінің өмір жолындағы қызығы мен қиындығы мол оқиғалардың боямасыз қамтылғанын тілге тиек етті. Одан әрі әңгіме жібін сабақтаған автор бұдан бұрын жарық көрген «Бақбақты тарих толқынында», «Жер тағдыры – ел тағдыры». «Балғалы шежіресі», «Қарашаңырақ немесе ұрпақтар үндестігі» кітаптары жайлы аз-кем әңгімелеп, аталған шығармаларын қалалық кітапханаға табыс етті.
Салтанатты рәсімге құрметті қонақ ретінде қатысқан «Жетісу» газетінде фототілші болған Нұрманбет Қизатов пен Күрті аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Балтағұл Молдақасымов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов, ардагер-журналист Сағидолла Сиқымбаев, ардагер-кітапханашы Жанкүміс Молдақасымова, заңгер Аманжол Қайырбаев, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев, кеңес мүшелері Бақытжан Хамзин, Алмас Қыстаубаев, облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Әйгерім Әбеу және Қажымұхан Темірханов, Гүлбаршын Смағұлова, Дина Әзімшайықова есімді зейнеткерлер, Дана Досымбекова, Самал Смағұлова, Қарлығаш Серғазиева сынды кәсіпкерлер кітап авторы мен Журналистер одағына қабылданған қаламгерлерге құтты болсын айтып, ақжарма тілектердің тиегін ағытты.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

Қонаев қаласы

↑