Перейти к содержимому

Өнерге бастар баспалдақ

83 қаралым

Былтыр наурыз айында Қаскелең қаласында балалар өнер мектебі есігін айқара ашқан болатын. Оқу орнының директоры Гүлназ Жұмашованың айтуынша, бүгінде мұнда 700-ден астам бала қосымша білім алады. Оларды тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары 41 педагог өнерге баулиды.

Мектепте ұлттық және классикалық музыкалық аспаптарға, халықтық-қолданбалы өнерге арналған кабинеттер бар. Сондай-ақ вокал сабақтарын үйрететін дыбыс оқшаулағыш жүйесімен жабдықталған бөлмелер қарастырылған. Бұдан бөлек, жарық әрі кең хореография және концерт залдары орналасқан.
Оқу бағдарламасы 14 бағытты қамтиды. Олардың қатарында домбыра, шертер, қобыз, сырнай, ән-терме, фортепиано, гитара, саксофон, халық әні және басқа да бағыттар бар. Мектепте бес жыл білім алған түлектердің мемлекеттік үлгідегі куәлік алатыны да маңызды.


Өнер ошағы жұмысын бастағанына көп уақыт өте қоймағанына қарамастан, мектеп ұжымы бірқатар жетістікке қол жеткізіп үлгерді. Алайда ең бастысы, балалардың шығармашылық қабілетін ашуға қолайлы орта қалыптасты. Сонымен қатар оқушылардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында сабақтармен қатар, түрлі мәдени-шығармашылық іс-шаралар, концерттік бағдарламалар, танымдық кездесулер мен мерекелік кештер тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Сондай жарқын жобалардың бірі – «Бір жыл – бір белес» атты есеп беру концерті. Онда ұл-қыздар өткен оқу жылында қандай білім мен дағдыларды меңгергендерін көрсетеді. Концерттік бағдарлама барысында күрделі музыкалық шығармалар, сахналық қойылымдар және басқа да өнер көрсетілімдері ұсынылады.
Мектеп ұжымының басым бағыт­тарының бірі – ұлттық өнер мен мәдени мұраны насихаттау. Домбыра, дәстүрлі ән және көркем-эстетикалық бағыттар арқылы оқушылардың қазақ халқының бай мәдениетіне, салт-дәстүрі мен өнеріне деген құрметі қалыптасады.
Осылайша, биылғы жыл да қоғамдық-мәдени іс-шараларға толы болды. Мәселен, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына орай «Есіңе мені алғайсың» атты әдеби-музыкалық кеш ұйымдастырылса, Халықаралық әйелдер күніне арналған «Арулар – асыл жандар» мерекелік бағдарламасы және «Арманға бастар өнер жолы» жобасы жүзеге асырылды. Мектеп директорының айтуынша, мұн­дай ауқымды іс-шаралар балалардың сахна мәдениетін қалыптастырып, өзіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.
Дарынды балалардың тек мектеп қабырғасында ғана шектеліп қалмай, қалалық, аудандық, облыстық және рес­публикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдерге қатысатынын да атап өткен жөн. Мұның өзі оқушылардың кәсі­би шеберлігін арттырып, шығармашылық ізденістеріне жол ашады. Осындай көптеген байқауда өнер мектебінің шәкірттері жүлделі орындар иеленіп жүр. Бұл олардың шығармашылық әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, «Өрлеу» көпжанрлы республикалық байқауында мектептің «Серпін» және «Атамұра» домбырашылар ансамбльдері, сондай-ақ «Ару-кербез» би ансамблі Гран-при иеленді.


Білікті педагог Раушан Байтықова­ның шәкірті, жас домбырашы Кәусар Құрмах «Күй – құдіретті әуез. Ортақ әуен – жарқын әуен» республикалық бай­қауында бірінші орын алды. Гүлім Қожанованың шәкірті Жазира Жолдас «Абыз» домбырашылар байқауында екінші орынға ие болды. ­Ал жас суретші Айсұлу Арсақбаева ­облыс­тық «Бояулар құпиясы» байқауында үшінші орын алды. Оның жетекшісі – Қилаш Аукенов.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылды­ғына арналған республикалық байқауда фортепиано сыныбының оқушысы Айзере Сәкенова жетекшісі Гүлнара Байтұлақованың қолдауымен өнер көрсетіп, бірінші орынға ие болды. Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған байқау қорытындысы бойынша Дина Боранқұлованың шәкірті Інжу Ерболат бірінші орыннан көрінді.
Алдағы уақытта мектеп басшылығы дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың республикалық және халықаралық деңгейдегі сахналарда өнер көрсетуіне жол ашуды көздеп отыр.
– Бүгінгі жетістікті сахнадағы жарқын өнер көрсетумен, жеңіп алған кубоктар, жүлделермен ғана өлшеуге болмайды, – дейді мектеп директоры Гүлназ Жұмашова. – Ең бастысы – өнерді сүйетін, өз қабілетіне сенімді, сахна мәдениетін терең түсінетін, ұлттық мұраны бағалай білетін әрі шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын баланы тұлға ретінде қалыптастыру. Қаскелең қаласының балалар өнер мектебі алдағы уақытта да білім сапасын арттырып, балалардың бойындағы талантты ашуға көмектесуді оны одан әрі дамытып, жаңа белестерді бағындыруға жол ашуды жалғастыра береді. Өнер – баланың бойындағы тылсым қабілеттерді оятатын қуатты күш. Ал біздің мектеп – үлкен сахна мен биік өнерге бастайтын алтын көпір.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы

↑