Оқу-тәрбие ісінде негізгі құралдың бірі – балалардың ой-өрісін кеңейтіп, жаңа бастамаларға жігерлендіретін, олармен бірге бір қоғамда өмір сүріп, ел игілігі жолында еңбек етіп, жетістіктерімен баршаға үлгі болған тұлғалармен кездесу өткізу. Мұндай тағылымды шара жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп қана қоймай, олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастырады.
Мазмұнды да мәні терең осындай кештің бірі Есік қаласында орналасқан Райымбек батыр атындағы орта мектепте өтті. «Туған тілдің тұғырын жырмен биіктеткен» атты шығармашылық кештің басты қонағы ақын, сазгер, қоғам қайраткері, Талғар ауданының Құрметті азаматы Камнұр Тәлімұлы болды.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің әдістемелік бірлестігі ұйымдастырған тағылымды кездесуге облыстық аналар кеңесінің төрағасы, білім саласында ұзақ жыл еңбек етіп, шәкірт тәрбиесіне өмірін арнаған ұлағатты ұстаз Гүлнар Жошыбаева, аудан мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Камнұр Тәлімұлының шығармашылығымен балалар кеңінен таныс. Райымбек батырдың ерлігін жырлайтын «Баһадүр Райымбек – батыр бабам» деген өлең жолдары білім ошағының алдында үлкен әріптермен жазылып, көпшіліктің көз алдында ілініп тұр.
Кеште Камнұр Тәлімұлы өмір жолы мен шығармашылығы туралы кеңінен баяндады. Өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қызықты естеліктерін ортаға салды. Балаларға арнап бірнеше өлеңін оқыды. Оқушылар да ақынның Отан, туған жер, ана, тіл туралы отты жырларын жатқа айтып, әндерін әуелетті. Сонымен қатар еркін форматта өткен кездесу барысында балалар мен мұғалімдер ақынға түрлі тақырыптағы сауалдарын қойып, пікір алмасты. Туған тілдің қадір-қасиеті, сөз өнерінің құдіреті, поэзияның адам жанына әсері, бала тәрбиесі мен білімнің маңызы жөнінде кеңінен ой қозғалды. Әсіресе ана тілін ардақтау, сөздің мәнін түсіну, әдебиеттің тәрбиелік күшін бағалау және білімге ұмтылу мәселелері кездесудің негізгі өзегіне айналды.
«Білім беру ісінің үздігі Камнұр Тәлімұлының жас ұрпаққа айтары мол. Балалар үшін кітаптан оқыған немесе сырттай танитын тұлғамен жүзбе-жүз кездесіп, оның өмір жолын танып-білу – үлкен мектеп. Қонақтың басынан өткен қызықты оқиғалары, жетістіктерге жету жолындағы ізденісі мен қиындықтарды еңсеруі оқушыларға ой салып, болашаққа деген сенімін арттырады», – деген Гүлнар Сағатқызы балаларға беріліп отырған қазіргі мүмкіндіктерді пайдаланып, оқу мен білімге ұмтылу керектігін айтты.
Кеш соңында: «Балалар мұндай кездесуден ерекше әсер алып, «Мен де өскенде осындай боламын» деген үлкен арманмен қанаттанып шығады. Сондықтан Райымбек батыр атындағы орта мектепте тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор кездесулерге ерекше мән беріліп келеді. Оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін, өмір жолы өнегеге толы, еңбегімен елге танылған азаматтармен жүздесу ұйымдастыра отырып, тек белгілі бір мамандық немесе шығармашылық бағыт туралы ғана емес, еңбекқорлық, табандылық, білімге ұмтылу, елге қызмет ету секілді адами қасиеттерді бойына сіңіруді мақсат етеміз», – деген мектеп директоры Салтанат Рысбекқызы кеш қонағы Камнұр Тәлімұлына алғысын айтты. Оқушыларға ризашылығын білдірген ақын да өз кезегінде мектеп ұжымы мен кеш қонақтарына тарту жасап, кітаптарын сыйлады.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы
