Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының ғана емес, ұрпақ тәрбиесінің де берік негізі. Мұғалім ретінде мен оқушыға заң талаптарын түсіндірумен қатар, оның мәнін күнделікті әрекеті арқылы ұғындыруды маңызды деп санаймын. Үлкенді сыйлау, өзгенің құқығын құрметтеу, мектеп ережесін сақтау, жауапкершілікті сезіну – баланың құқықтық мәдениетін қалыптастыратын қарапайым қадамдар. Заңды бала кезінен құрметтеген жас ертең өз міндетін түсінетін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азамат болып қалыптасады.
Бүгінгі оқушы – ертеңгі қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан жасөспірімдерге «заңды бұзба» деген талаппен ғана шектелмей, заңның адамды қорғайтын маңызды құндылық екенін түсіндіру қажет. Әсіресе әлеуметтік желі кең тараған заманда сөзге, пікірге, жеке мәліметке жауапкершілікпен қарау маңызды. Әр әрекеттің салдары бар екенін түсінген бала өз құқығын да, өзгенің құқығын да құрметтей бастайды. Меніңше, заң мен тәртіпті нығайту ең алдымен отбасындағы және мектептегі тәрбиеден басталады.
Меруерт ӘЛМАХУН, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі
