Қоғамның тыныштығы мен тұрақтылығы бір күнде қалыптаспайды. Оның негізінде әр азаматтың заңға деген құрметі, өз құқығы мен міндетін білуі және қоғамдық ортадағы жауапкершілігі жатыр. Заң – адамдардың арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ғана ереже емес, ол азаматтың қауіпсіздігі мен құқығын қорғайтын маңызды кепілдік.
Кейде заңды тек қандай да бір құқықбұзушылық орын алған кезде ғана еске аламыз. Алайда құқықтық мәдениет тек заң бұзбаумен шектелмейді. Ол күнделікті өмірдегі қарапайым әрекеттерден көрінеді. Қоғамдық орында тәртіп сақтау, жол ережесін бұзбау, бөтеннің мүлкіне қол сұқпау, өзгенің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу, келісімшарттың талаптарын орындау – мұның барлығы заңға деген құрметтің белгісі.
Адам өз құқығын білмесе, түрлі жағдайларда өз мүддесін қорғай алмай қалуы мүмкін. Сондықтан құқықтық сауаттылық – қазіргі қоғам үшін аса маңызды қажеттілік. Әсіресе цифрлық технологиялар кеңінен қолданылатын заманда азаматтардың заңды білуі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Интернет арқылы сауда жасау, электронды құжаттарға қол қою, банк қызметтерін пайдалану, әлеуметтік желілерде ақпарат тарату кезінде де белгілі бір құқықтық жауапкершілік бар.
Мәселен, интернет кеңістігінде өзгенің жеке мәліметін рұқсатсыз жариялау, жалған ақпарат тарату немесе адамның ар-намысына тиетін жазбалар қалдырудың салдары болуы мүмкін. Кей азаматтар виртуалды ортадағы әрекеттерін шынайы өмірдегі жауапкершіліктен бөлек қабылдайды. Алайда интернет те – құқықтық кеңістік. Мұнда жасалған әрекеттің де заң алдында салдары болуы ықтимал.
Ақерке БИЖАН
