Перейти к содержимому

Әке тағдыры

36 қаралым

ХХ ғасырдың басындағы қызыл империяның солақай саясаты халқымыздың басына орны толмас қасірет әкелгені белгілі. Соның кесірінен өз жерінде өгейдің күйін кешкен ел аштық пен қуғын-сүргін, зорлық-зомбылықтың зардабын тартты. Жан сауғалап, шекара асты.

Алайда бас сауғалап барған елдің жат жерде де шекесі қызып, маңдайы жарқыраған жоқ. Қытайдағы 1950 жылдардың ішіндегі саяси ахуалдың да ауыр азабын басынан өткерді. Елдің сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаған азаматтар темір тордың ар жағында адам айтқысыз азап шекті. Сотсыз, сұрақсыз ату жазасына кесілді. Сол бір зұлмат жылдардың жазықсыз құрбанына айналып, атылғандардың қатарында ауылда мұғалімдік қызмет атқарып, жас буынды оқу-білімге тартқан, имам ретінде де елге ақыл-кеңесін айтып, жол көрсетуді азаматтық борышы санаған менің әкем Нүсіпбекұлы Сабырбек те бар еді. Бұл оқиға 1952 жылы, яғни менің жасқа толар-толмас кезімде болған екен. Кейін елге оралған соң ер жетіп, ес жиған кезімде әкем туралы, жазықсыз құрбан болуының жай-жапсары жайында үлкендерден үзіп-жұлқып естігенім болмаса, нақты деректен хабарсыз едім. Оқиғаның ақиқатын араға 35 жыл салып барып қана естіп-білдім.
1986 жылдың жазында кезекті еңбек демалысымды алып, қасыма 5 жасар ұлым Бауыржанды ерттім де, Жамбыл ауданының Ақсеңгір кеңшарында тұратын Сабырбек әкемнің үшінші әйелі Еренсіз шешемді іздеп бардым. Ол кісі баласы Назарбек екеуі кеңшардың қойын бағады екен, жайлауға шығып кетіпті. Ұзынағаштың басындағы Құлансаз – біздің Шалкөде сияқты аумағы кең, алып жайлау. Жайлауға дейін автокөлікпен бардық та, Алатаудың Қырғызбен шектесетін жерін жайлап отырған шешемнің үйіне Ақсеңгір кеңшарының жылқысын бағатын рулас туысым атпен жеткізіп салды. Жайлауда Бауыржан екеуміз айға жуық жатып, жақсы демалып қайттық. Менің «Анаға сағыныш» деген әнім сол жерде туған еді. Сөзін ауылға келген соң жерлес ақын Әбдірахман Айнабековке жаздырғанмын.
Енді бастапқы әңгімеге көшейін. Еренсіз шешемді іздеп келгендегі мақсатым – жайлауда демалу ғана емес, әкемнің атылуы жайлы оқиғаның куәсі ретінде өз аузынан есту еді. Шешем әңгімешіл және есте сақтау қабілеті де мықты екен. Отыз бес жыл бұрынғы оқиғаны күні кешегідей етіп баяндап берді.
– 1951 жылдың күз айы болатын. Егін орағының қызған кезі. Қырманда астық бастырып жатқан едік. Сен дүние есігін жаңадан ашқан шарана болатынсың. Әкең: «Қарасуда ел жиналып жатыр. Мені де шақыртыпты», – деп байлаулы тұрған құнанға жайдақ міне салып, ауылға кетіп қалды. Дүниенің астаң-кестеңі шығып жатқанын арада алты ай өткен соң ғана білдік. Төңіректе күбірлеген неше түрлі әңгіме. «Қыдырды, Батталғазыны, тағы бірнеше адамды ұстапты, сұмдық-ай» дейді. Әкеңде үн жоқ. Ештеңе сездірмейді, іштей тынып жүрген болуы керек. Қарасу бастауыш мектебінде діннен сабақ беретін мұғалім еді. Бір күні Қыдыр ақалақшы мен ауданның екінші басшысы Батталғазы бастаған бірнеше адамды атады екен деген сөз дүңк ете қалды. Жамандық жата ма, ел арасына тез тарап кетті. Көп кешіккен жоқ, оларға тағайындалған үкім орындалды. Қыдырды үш рет атқанда да жығылмапты. Сосын сақшылардың бәрі жабылып атыпты. Мұны қанды оқиғаны көзімен көрген ауыл адамдары айтып келді.
1952 жылдың 8 наурызында үйге бірнеше сақшы сау етіп кіріп келді. Әкеңнің қолына кісен салып, сыртта тұрған арбаға отырғызды. Екеуі үйдің астан-кестеңін шығара тінтіп, жинап жүрген қисса-дастандары мен діни кітаптарды екі қоржынға салды да, арбаға тиеп алып кетті. Жылап-еңіреп біз қалдық. Күн батса, таң атпайтын, таң атса, күн батпайтын азапты күндер басталды. Түрмеге кездесуге бардық. Ешқайсымызды кіргізбеді. Тек сені ғана көрсетуге рұқсат берді. Сырт киіміңді шешкізіп, жейдеңді ғана қалдырды. Алып барған азығымызды да бере алмадық. Жейдеңнің етегіне бір уыс кішміш түйіп бердік, сақшы алып кіріп кетті. Қолымыздан басқа еш нәрсе келмеді. Бірнеше күннен кейін «Сабырбекті атады екен» деген хабар ел ішіне жетті. Бұл шілде айының 15 жұлдызы болатын. Ойдағы-қырдағы, жайлаудағы елдің бәрін үкім орындалатын орынға жинап, екі қатар етіп сапқа тұрғызып қойды. Бір кезде Сабырбек бастаған бірнеше адамды ортамен алып жүрді. Елдің бәрі демін ішіне алған. Тыныштықты кенеттен Баянның «әкелеп» шыңғырған дауысы бұзды. Сол-ақ екен, жиналған жұрт аһылап-үкілей бастады. Сабырбек ешқайда бұрылмастан аспанға қараған күйі кетіп бара жатты. Есеңгіреп, ес-тұстан айырылып біз тұрмыз. Бір кезде Сұлуман абысыным (әкемнің бірінші алған әйелі Қайыпжамал 1947 жылы аурудан қайтыс болғаннан кейін жеңгедей алған әйелі) менің қолымнан сені жұлып алып, аспанға көтеріп, саныңнан шымшып алды. Сенің құлындағы шырқыраған дауысыңнан әкең біз жаққа жалт қарады. Шырылдаған ащы дауысың бүкіл елдің аза бойын қаза қылды. Аяқ-қолдарын шешіп, теріс қаратып тұрғызды да сақшыларға атуға бұйрық берді. Бірнеше мылтықтың дауысы бір сәтте гүрс еткенде аспан айналып жерге түскендей құлақ бітіп, қиямет-қайым орнағандай күйге түстік. Үкім орындалғаннан кейін жиналған елді жақындарының өлі денесін алуға да рұқсат бермей таратып жіберді. Осы кезде Нәсілқан абысыным ешкімнен именбей барып, Сабырбек қайынағасының өлі денесін алып шығып, үйге дейін арқалап келді. Сөйтіп ешбір еркек жасай алмаған ерлікті жасады, – деп сол қасіретті көзіне жас алып әңгімеледі. Еренсіз шешемнің «Нәсілқан абысыным» деп отырғаны Сабырбектің інісі Алмабектің бәйбішесі еді. Ақкөңіл, көпшіл, жақсы-жаманның бәрін елеп-екшеп, жөнге салып отыратын өте бауырмал, бәрімізді өз баласындай қамқорлығына алып, аялаған, ел арасына сыйлы кісі болған еді, жарықтық. Құдайдың ықыласы түсіп, жүз жасады.
Ату жазасы туралы үкім шыққаннан кейін інісі Алмабек «Мен де ұсталатын болдым» деп тауға қашып кетіпті. Ауылда қалған жақын туыстарымыз Бәзілбектің Жақыпбайы мен Мұраталының Тұрғынбайы екеуі түн жамылып, білте шамның жарығымен бейіт қазып, Сабырбектің жаназасын өздері шығарып, таң қылаң бере жерлеген екен.
Қарасуда орын алған оқиғаның түп негізі былайша туындаған. 1951 жылдың тамызында Қытай армиясының капитандары Ыдырыс пен Мамырқан деген әскери адамдар Шаты шекарасындағы атты әскерлер эскадрилиясын бастап шығады. Көтерілісшілердің қатары қарапайым халықпен толығып, ұлғая береді. Орта Шекіртіге келгенде саны бұрынғыдан да көбейіп, үлкен күшке айналады. Бұл кезде Сабырбек молда Қарасу бастауыш мектебінде дін негіздерінен сабақ беріп, сол өңірдің имамы болған екен. Көтерілісшілер Қарасуға келгенде халық көп жиналып, Қыдыр ақалақшы оларға қолдау көрсетеді. Ал Сабырбек молда болса, «Құдай оң жолын берсін» деп бата береді. 1951 жылдың күзінде басталған көтерілістің ғұмыры төрт-бес айға ғана созылып, жеңіліске ұшырайды. Басшылары мен оларға ілескендер қолға түседі. Сабырбек пен Қыдыр бастаған көтерілісшілер қатарында айрықша көзге түскен Құдайберген Өскенбайұлы, әйгілі Мергенбай батырдың Тоқай мен Айтақындай ұлдары, Иманғазы Кемпірбайұлы, Тыныштықбек Есмұханбетұлы, Нұрқан Қасымбайұлы, Дайын, Шәймерден, Батырбек, Құдайберген, Әшірақын, Құрманжан, Байынтоқа сияқты азулы азаматтар ату жазасына кесіледі. Ескерте кетейін, бұл дерек Қытай жерінде туып, балалық, жастық шағы сол жақта өткен,1960 жылдары атамекеніне оралып, Райымбек ауданының Текес ауылында еңбек етіп, өмірінің соңына дейін мемлекет пен қоғамның дамуына лайықты үлес қосқан көзі ашық, көкірегі ояу, сол көтерілістің куәгері Кемелжан Ыбырайымов қарияның жазбасынан және ҚР Ұлттық кітапханасының мерзімдік басылымдар қорынан алынып отыр.
Бұл тағдыр – бір әулеттің ғана емес, алмағайып заманда жазықсыз жапа шеккен тұтас бір ұрпақтың қасіретін арқалаған тағдыр десем, қаталеспеймін. Уақыт жараның бетін қанша жасырып-жапса да, жүректе қалған ізі өшпейді. Сондықтан өткенді еске алуды – өткенге өкпе арту емес, ақиқатты ардақтап, кейінгі ұрпаққа тағылым қалдыру деп ұққанымыз жөн.

Бексейіт НҮСІПБЕК,
ҚР Мәдениет қайраткері,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы

↑