Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Өлкетануға кітапхананың зор үлесі

Өлкетануға кітапхананың зор үлесі

28 қаралым

         Жамбыл аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінде Мемлекет басшысының «Зерделі ұлт» жобасы аясында танымдық кеш өтті. Онда ауданның 24 ауылдық кітапханасы өз ауылдарының тарихы мен ұлт дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалармен таныстырды. Шараға Алматы облысының кітапхана басшылығы, тарихшылар, жастар мен аға буын өкілдері қатысты.

         «Зерделі ұлт – туған жер тарихымен» атты танымдық кешке келушілерді музей ауласында халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың немересі, ақын Әуелбек Ысқақ арнау-жырмен қарсы алды. Көпшілік осында ауылдық кітапханалар ұйымдастырған көрмені тамашалады. 24 ауылдық кітапхананың әрқайсысы сол ауылдың шежіресін баяндап, туған жердің тарихын тану – ұлттың рухани тамырын тану екені атап өтілді. Көрмеде әр ауылдың өзіне тән ерекшелігін айшықтайтын жәдігер, түрлі бұйымдар қойылған.

         Музейдің мәжіліс залында «Туған жер – тұғырымыз, тарихы – тағдырымыз» тақырыбында жиын өтті.  Алғашқы сөзді облыстың Құрметті азаматы Әскербек Абаев алып, кезінде өз замандастарының кітап оқуға деген ықыласы зор болғаны туралы естелігімен бөлісті. Зерделі ұлт қалыптастыру үшін туған жердің тарихын білу төңірегіндегі ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде облыстық әмбебап орталық кітапханасының директоры Ғалия Тоқабаева ел Президентінің оқитын ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасының маңызын атап өтті. Ол халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында өңірдегі 145 кітапхананың алға қойған міндеті мен атқарып жатқан жұмысынан хабардар етті. Соның ішінде Жамбыл аудандық кітапханасының кейінгі кезде көптеген маңызды іс-шара өткізгенін, белсенді жұмысты одан әрі ширата беру керектігін айтты. Сондай-ақ журналист, этнодизайнер Аршагүл Тойбаева өз сөзінде Жамбыл ауданының тамыры терең, тарихы бай екенін, осындай киелі жерде халықтың кітап оқымауға қақы жоқ екенін алға тартып, зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі жоба-жоспарымен бөлісті.

         Одан кейін ауылдық кітапханалар төрт бағыт бойынша танымдық бағдарламаларын көрермен назарына ұсынды. Қазіргі ұрпақ санасына туған жерге деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін қалыптастыру мақсатында туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасы қойылым арқылы кеңінен насихатталды. Тарихи тұлғалар мен айтулы оқиғалардан көріністер қойылып,  ұлттық құндылықтар дәріптелді. Бірінші бағыт – «Жыр мен сөздің алтын бесігі» деп аталды. Онда қазақ әдебиеті мен өнерінің өркендеуіне үлес қосқан тұлғалар, туған жерден түлеген ақын-жыршылар, сөз өнерінің дара өкілдері мен рухани мұралары таныстырылды. «Тарихтың тасқа басқан шежіресі» атты екінші бағытта өлкенің көне тарихы, тарихи-археологиялық ескерткіштер, тасқа таңбаланған жәдігерлер мен ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи деректер кеңінен насихатталады. Үшінші бағытта туған жердің батырлық дәстүрі, ел қорғаған ерлердің өнегелі жолы, тарихи шайқастар мен қасиетті мекендердің шежіресі баяндалды. Ал «Еңбек пен береке мекені» атты соңғы кезеңде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, еңбек адамдарының жетістіктері, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтар мен туған өлкенің бүгінгі тыныс-тіршілігі көрсетілді.

         Аудандық кітапхана директоры Аяужан Сәдуақасова мен Сүйінбай музейінің меңгерушісі Гүлзат Асқарова қорытынды сөздерінде рухани кештің маңызын атап өтіп, қатысушыларға алғыс білдірді.

         Бұл кеш әр ауылдың тарихын бір арнаға тоғыстырып, өткен мен бүгінді жалғаған тағылымды басқосу болды. Шара барысында ауылдардың өткені мен бүгінін сабақтастыра отырып, өлке шежіресін жинақтауға қадам жасалғаны қуантты. Тарихи сананы жаңғыртып, туған жерге деген мақтаныш сезімін арттыратын рухани алаңға ұқсады. Туған жердің тарихын білу – әр ұрпақтың парызы екенін сездірді. Өйткені өткенін таныған елдің болашағы баянды болмақ. Туған жердің тарихы – ұлттың ұлы мұрасы, ұрпаққа аманат асыл қазына.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қарақыстақ ауылы,

Жамбыл ауданы

↑