Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасында оқырмандардың білім көкжиегін кеңейтіп, шет тілдерін меңгеруге және өзге халықтардың бай мәдениетімен жақынырақ танысуға бағытталған жаңа бастама қолға алынды. Кітапхана қабырғасында парсы тілі курсы ашылып, сабақтар барлық ниет білдірушілер үшін тегін негізде өткізілуде.
Биылғы қазан айында Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы мен Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасының Бас Консулдығының мәдени өкілдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Аталған ынтымақтастық екіжақты мәдени-ағартушылық іс-шаралар мен білім беру байланыстарын нығайтуға, тіл үйрену және басқа да салаларда бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған.

Парсы тілі – бай әдеби мұрасымен, терең тарихымен және көркем поэзиясымен ерекшеленетін көне тілдердің бірі. Бұл тіл ғасырлар бойы Шығыс өркениетінің ғылымы мен мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып, көптеген халықтардың рухани байланыстарының нығаюына ықпал етті. Парсы тілін үйрену арқылы оқырмандар Иранның тарихы мен мәдениетін тереңірек танып, парсы әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығына түпнұсқа тілінде үңілуге мүмкіндік алады.
Кітапхана ұйымдастырып отырған курс тіл үйренуге қызығушылық танытқан барша оқырман қауымға арналған. Сабақтар қатысушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыруға, сөздік қорын молайтуға және мәдениет туралы түсінігін кеңейтуге бағытталған.
Бүгінде кітапхана – тек кітап қоры сақталатын орын ғана емес, сонымен қатар білім алуға, шығармашылықпен айналысуға және мәдениетаралық байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық кеңістік. Осы тұрғыда парсы тілі курсының ашылуы кітапхананың мәдени-ағартушылық қызметін жаңа мазмұнмен толықтырып, оқырмандарға қосымша білім алудың қолжетімді жолын ұсынады. Курстың барлық оқырман үшін тегін ұйымдастырылуы — білімнің қолжетімділігін арттыруға және тіл үйренуге ынталы азаматтарды қолдауға бағытталған маңызды қадам.
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасы алдағы уақытта да халықаралық мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, оқырмандардың білім көкжиегін кеңейтуге және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.
Курсқа қатысу тегін.
Әмина СҰЛТАНОВА,
Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері

