Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында дзюдодан республикалық жасөспірімдер турнирі өтті

Алматы облысында дзюдодан республикалық жасөспірімдер турнирі өтті

75 қаралым

Алматы облысы Қарасай ауданында дзюдодан «Қарасай батыр» атты республикалық жасөспірімдер турнирі өтті. Байрақты бәсекеге Қазақстанның әр өңірінен 20 команда, яғни 500-ге жуық жас спортшы қатысты. 2011–2012 жылы туған ұлдар мен қыздар жеңіс тұғырына көтерілу жолында өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың ашылу салтанаты дәстүрге сай салтанатты әрі көтеріңкі көңіл күйде өтті. Қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңіс тілеген Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ақжүрек Танатаров турнирдің патриоттық мән-маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Қарасай батырдың есімі – ерлік пен қайсарлықтың, туған халқына адал қызмет етудің символы. Осындай спорттық бастамалар арқылы жас ұрпақ ел тарихымен танысып, ата-бабаларының ерлігін бағалауды және биік белестерге ұмтылуды үйренеді.

«Мұндай жарыстар жас спортшылардың қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың бойында спортта да, өмірде де маңызды қасиеттерді қалыптастырады. Атап айтқанда, тәртіпке, табандылыққа, қарсыласқа құрметпен қарауға және жауапкершілікке баулиды. Жарыстың Қарасай батырдың есімімен аталуының да мәні зор. Оның туған жеріне деген сүйіспеншілігі мен ерлігі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі. Әрбір қатысушы бұл жарыстан спорттық әсермен қатар, мол тәжірибе жинап қайтады деп сенемін», – деді Ақжүрек Танатаров.

Жарыс барысында татамиде тартысты белдесулер өрбіді. Әрбір кездесу спортшылардан тек күш-қуатты ғана емес, тактикалық шеберлікті, жоғары зейін мен шешуші сәттерде дұрыс шешім қабылдай білуді талап етті. Нәтижесінде қатысушылар 17 салмақ дәрежесі бойынша жүлделерді сарапқа салды. Ұлдар 38, 42, 46, 50, 55, 60, 66, 73 және 73 келіден жоғары, ал қыздар 36, 40, 44, 48, 52, 57, 63 және 63 келіден жоғары салмақ дәрежелерінде белдесті.

«Мұндай турнирлер жас спортшылар үшін нағыз шеберлік мектебі деуге болады. Мұнда олар өзге өңірлерден келген мықты қарсыластармен белдесіп, өз мүмкіндіктерін сынайды, толқуды жеңуге және жіберген қателіктерінен сабақ алуға үйренеді. Жарыстың биыл үшінші жыл қатарынан өткізіліп, жас дзюдошыларды ортақ спорттық және патриоттық құндылықтар төңірегіне біріктіріп отырғаны қуантады. Сонымен қатар бұл турнир бапкерлерге болашағынан үміт күттіретін спортшыларды анықтап, олардың дайындық деңгейін бағалауға мүмкіндік береді», – деді Қарасай ауданының дзюдо жаттықтырушысы Айбек Молдабеков.

Турнирдің ең тартысты сәттерінің бірі чемпиондар анықталған финалдық белдесулер болды. Қыздар арасында 40 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Назгүл Ерболат қарсыластарынан басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Ол жарыс барысында сенімді өнер көрсетіп, жеңіске деген жігерін танытты.

«Бұл жеңісіме өте қуаныштымын! Біз жарысқа тыңғылықты дайындалдық: көп жаттықтық, әдіс-тәсілдер мен тактиканы пысықтадық. Татамиде оңай болған жоқ, қарсыластарым да мықты болды. Сондықтан әр белдесу бар күш-жігерімді жұмсауды талап етті. Бұл алтын медаль – еңбегімнің, бапкерім мен ата-анамның қолдауының жемісі», – деді Батыс Қазақстан облысындағы спорт мектептерінің бірінің тәрбиеленушісі Назгүл Ерболат.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте ең көп медальді Алматы қаласындағы республикалық спорт мектеп-интернатының өкілдері иеленді. Екінші орынды Жамбыл облысының жас дзюдошылары еншілесе, үшінші орын Батыс Қазақстан облысының командасына бұйырды.

Алматы облысының спортшылары үш жүлдеге қол жеткізіп, оның екеуі алтын медаль болды. Ұлдар арасында 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Іле ауданының өкілі Ергеш Алмат алтын медаль жеңіп алды. Ал 42 келіге дейінгі салмақта Еңбекшіқазақ ауданынан келген Серік Дінмұхамед күміс жүлдегер атанды.

Қыздар арасында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қонаев қаласын қатысқан Кәусар Мұхтар жеңімпаз атанып, облыс қоржынына екінші алтын медальді салды.

Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі

↑