Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / Алматы облысында үй кезегінде тұрған отбасылар баспаналы болды

Алматы облысында үй кезегінде тұрған отбасылар баспаналы болды

27 қаралым

Бүгін Алматы облысының Талғар ауданында 26 отбасы баспана бақытына кенелді. Тұздыбастау ауылында бой көтерген тұрғын үйлер әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілді. Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, азаматтарға пәтер кілтін табыстады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда Талғар ауданында 9 мыңнан астам азамат үй кезегіне тіркелген. Жыл басынан бері ауданда 259 азамат қоныс тойын атап өтті. Одан бөлек 72 отбасы бюджет есебінен жеңілдетілген несиелік баспанаға қол жеткізді.

Шарада Шыңғыс Сайранұлы алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеп, қоныс иелеріне ізгі тілегін арнады. 

«Өз шаңырағының астында бала-шағаның шаттығына бөленіп, жақындарының ортасында алаңсыз ғұмыр кешу – адамның ең үлкен бақыты. Сондықтан халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағыттағы жұмыстың жүгі де ауыр екенін жақсы түсінеміз. Азаматтардың уақытылы баспаналы болуы бізге жүктелген үлкен жауапкершілік деп білеміз. Сол себепті бұл жұмысты бір сәтке де бәсеңдетпейміз», – деді аймақ басшысы. 

Жаңа пәтердің иесі атанған тұрғынның бірі – жалғызбасты ана Жанна Құрманбекова. 

«Бүгін көптен күткен баспанаға қол жеткізіп, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Бұл сәтті 20 жыл бойы күттік. Баспанамыздың ішін аралап, көрдік. 2 бөлмелі пәтер кең әрі әдемі. Сапасы толық көңілімізден шықты. Өзім медицина саласында қызмет етемін. Үш баланы тәрбиелеп отырған анамын. Осындай мүмкіндік сыйлаған облыс, аудан әкімдігіне алғыс айтамын», – деді тұрғын.

«Алатау – Ақпарат»

↑