Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – АУДАН ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ТІРЕГІ

122 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, фермерлерді ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстармен қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға басымдық берілді. Бұл міндеттер Еңбекшіқазақ ауданы үшін айрықша маңызды. Өйткені аудан экономикасында ауыл шаруашылығының орны ерекше, ал оның әлеуетін толық пайдалану – азық-түлік қауіпсіздігіне де, ауыл тұрғындарының табысына, әлеуметтік жағдайына да тікелей әсер етеді.

Еңбекшіқазақ ауданының басты артықшылығы – табиғи-климаттық жағдайының әркелкілігі, суармалы егіншілікке қолайлы алқаптары және ірі тұтыну нарығына жақындығы. Жалпы ауданда ауыл шаруашылығы өндірісінің басым бөлігі өсімдік шаруашылығына тиесілі. Егіс көлемі 80 мың гектарды құрайды. Көкөніс дақылдарының ішінде сәбіз, қызылша, пияз, қызанақ, қияр мен қырыққабаттың үлесі басым. Бұл – ауданның Алматы агломерациясын азық-түлікпен қамтамасыз етудегі рөлін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығы – маусымдық қана емес, ұзақ жоспарлауды қажет ететін сала. Осы орайда Президент Жолдауда «Үкімет фермерлерді ұзақ мерзімге арналған инвестициялық ресурстармен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі пәрменді тәсілдерді енгізуі қажет» деп атап өтіп, ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесінің өзектілігіне тоқталды.

Жолдауда көтерілген маңызды бағыттың бірі – су ресурстарын ұтымды пайдалану. «Елімізде су ресурстарының тапшылығын жою үшін жүйелі әрі батыл шаралар қабылдау қажеттігін ерекше атап өткім келеді. Ең алдымен, суды тиімді және үнемдеп пайдалану қағидаттарының жаппай сақталуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі заманда бұл ресурстың мән-маңызы айрықша», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін қолдану аса маңызды екенін айтты.

Еңбекшіқазақ ауданы үшін суармалы егіншіліктің маңызы зор. Соңғы 2-3 жылдың ішінде ауданда су үнемдеу технологиясы жақсы қарқын алды. Үкімет тарапынан су үнемдеу технологиясын енгізуге 80 пайызға дейін субсидия төленіп жатыр. Биылдың өзінде 6400 га жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп, аудандағы бұл көрсеткіш 21 мың гектарға жетті.

Сонымен қатар Жолдауда «Елімізде шығарылатын технологиялық тұрғыдан сапасы жоғары тракторлар мен комбайндардың санын көбейту қажет. Бұл – өзекті мәселе. Осылайша, біз ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра түсеміз» деген мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласын технологиялық тұрғыдан жаңғыртудың сәті келгенін де тілге тиек етті. Осы орайда Еңбекшіқазақ ауданында ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңаруы жағынан облыста ең жоғарғы көрсеткішке ие екенін де айта кету керек. Бүгінде біздегі ескірген техника үлесі 28-30 пайыздан аспайды. Биылғы 9 айда шаруаларымыз жалпы құны 1 млрд 800 мың теңгеге 110 жаңа техника сатып алды. Жыл сайын осы қарқынмен техника жаңарып келеді.

Әрине, Президент атап өткен технологиялық жаңғырту тек жаңа трактор мен комбайн сатып алумен шектелмейді. Оған егістіктің жай-күйін цифрлық бақылау, өнімділікті болжау, агрохимиялық талдау, су мен тыңайтқышты дәл мөлшерлеу де кіреді. Жасанды интеллект пен деректерге негізделген шешімдер шаруаның шығынын азайтып, өнім сапасын арттыруға көмектесе алады. Бұл ретте отандық техника өндірісін қолдау да маңызды, өйткені қосалқы бөлшек пен сервистік қызметтің қолжетімді болуы шаруашылықтың үздіксіз жұмысына әсер етеді.

Ермек ЖАКЕЕВ,

Еңбекшіқазақ ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы

↑