Перейти к содержимому

Маңызды қадам

26 қаралым

Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Тасашы ауылында мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс беруге 387 азамат тіркелген. Ел тағдырына бейжай қарамайтын тұрғындар таңсәріден бері №564 сайлау учаскесіне қарай асықты.
Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін сайлау комиссиясының мүшелері көпшілікке таныстырылып, дауыс беру рәсімі ресми түрде ашылды. Ақ жаулықты аналар шашу шашып, ақ тілектер ақтарылды.
№564 сайлау учаскесінің төрағасы Нұргүл Абықанова бұл күннің тарихи маңызын ерекше атап өтті.
– Бүгін – әр азаматтың өз таңдауын жасап, ел болашағына үн қосатын жауапты күн. Сайлау учаскесінің ашылуына арнайы келіп, азаматтық белсенділік танытып отырған баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, – деді ол.
Сайлауға бәрінен ерте келген ауыл тұрғындары Гаухар Әуезхановамен Салтанат Сыбантаеваға, алғаш рет дауыс берген жас сайлаушы Болат Зараға естелік сыйлықтар табысталды.
Жиында сөз алған ауыл ақсақалы Рамазан Мырзағалиев ел бірлігі мен татулығының маңызын тілге тиек етіп, саяси науқанның әділ әрі ашық өтуіне тілектестік білдірді.
Алғашқылардың бірі болып дауыс берген Арғынбай Шілікбаев ақ батасын беріп, азаматтық ұстанымын былайша жеткізді:
– Бірлік – елдіктің басты тұғыры. Мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылданатын кезеңде әр азамат өз үнін білдіруі тиіс. Сондықтан мен әрбір саяси науқанда дауыс беруді азаматтық міндетім деп санаймын. Еліміздің өсіп-өркендеуі, келер ұрпақтың жарқын болашағы бәрімізге ортақ, – деді ауыл тұрғыны.
Айта кетейік, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлауы еліміздің барлық өңірінде таңғы сағат 7:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады. Тасашы ауылындағы сайлау учаскесінде де дауыс беру заң талаптарына сай, ашық әрі ұйымшылдықпен өтіп жатыр.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

↑