Перейти к содержимому

Мектеп мерейін асырған

28 қаралым

Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған кейіпкеріміз – талай шәкірттің жүрегіне жол тауып, олардың өмірлік бағыт-бағдарының қалыптасуына өзіндік үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаз, Ұйғыр ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің математика және физика пәні мұғалімі Нұржамал Сүйірбаева. Ол мектептегі ұстаздық және басшылық қызметте өзінің кәсіби біліктілігімен, іскерлігімен және жауапкершілігімен ерекшеленіп, әріптестерінің құрметіне бөлене білді.

Нұржамал Қаршығақызы 1965 жылдың 9 қарашасында бұрыңғы Гурьев облысы Маңғыстау ауданы Шетпе ауылында қызметкерлер отбасында дүниеге келеді. 1982 жылы мектепті тәмамда­ған соң, арман қуып Алатаудың баурайындағы ару қала Алматыға жол тартады. Абай атындағы педогоги­калық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, 1987 жылы мұғалім мамандығын алып шығады. Алғашқы еңбек жолын Ұйғыр ауданындағы Шарын орта мектебінде физика пәні мұғалімі болып бастады. Жұмыстағы жауапкершілігінің арқасында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымына көтеріліп, білім мекемесінің үлкен жетістіктерге жетуіне ұйытқы болады. Бұдан кейін өзін ардақ тұтатын ұжым мүшелерінің қолдауымен аталған мектепке директор болып тағайындалады.
Нұржамал Қаршығақызының өз ісіне деген адалдығы, еңбекқорлығы, кішіпейілдігі, кез-келген ортамен тіл табысуы әулетінен дарыған қасиет екенінде дау жоқ. Ол ұлттың тілін, мәдениетін, ділін, болмысын биік ұстау үшін аянбай тер төгіп жүр.
2019 жылы «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арт­тыру институтының «Мәңгілік ел» құндылықтары негізінде сапалы білім, саналы тәрбие бере отырып, шығармашылық іс-тәжірибелерімен кәсіби деңгейін дамыту, біліктілігін жетілдіру бағытындағы еңбектері үшін Алғыс хаттармен, аудандық білім бөлімінің «Білім беру ұйымының үздік жоспары – 2018» дипломымен марапатталады. Аудандық кәсіподақ комитетінің «Жетісу жері – татулық пен бірліктің талбесігі» атты білім беру қызметкерлері көркемөнерпаздарының аудандық байқауында бас жүлдені иеленеді.
Ол білім ордасының дамуын, оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыруды және заман талабына сай жаңашылдық­қа ұмтылуды басты назарда ұстап, әріптестерін шығармашылық ізденіске бағыттай білді. Атап айтқанда, 2001 жылы Алматы облысындағы қазақ мектептері арасында ұйымдастырылған «Таңдаулы мектеп – 2001» байқауында Шарын мектебі лауреат атанды.
Мектеп ұжымының оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын меңгеруге, білім беру ісіне озық тәжірибелерді енгізуге және кәсіби ізденісті үздіксіз дамытуға бағыт­талған жұмыстары бірнеше мазмұнды жинақтың жарық көруіне негіз болды. 2001 жылы «Мектеп портреті мен жетістіктеріне арналған», 2005 жылы «Мектеп мерейі» және «Ізденіс – табыстың тетігі», ал 2017 жылы «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» атты кітаптар шықты. Бұл еңбектер мектеп өміріндегі елеулі белестерді, ұжымның шығармашылық ізденістерін, педагогикалық тәжірибесі мен қол жеткізген жетістіктерін паш етеді. Сондай-ақ 2002 жылы Алматы облыстық мұғалімдер білімін жетіл­діру институтының басшылығымен мектеп дамуының стратегиялық жоспары әзірленіп, өзара тәжірбие алмасу мақсатында облыстық серіктес мектептердің қатарына енді. 2002 жылы «Сорос-Қазақстан» бағдарламасымен «Азаматтық білім беру» атты оқушылардың азаматтық позицияларын көрсетуге арналған жоба жүзеге асырылса, 2003 жылы Қазақстан Республикасының «Бастама мектептерінің» қоғамдық бірлестігінің мүшесі болып қабылданды. 2004 жылы мектептің оқу-тәрбие үрдісіне «Дәстүр» тұжырымдамасы енгізіліп, бағдарлама бойынша тәжірибе алаңы болады. 2005 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының тірек мекемесі атанды. 2010 жылы облыстық «Үздік ауыл мектебі» байқауында «Педагогикалық технологияларды енгізгені үшін» номинациясы бойынша Құрмет грамотасын иеленді.
Нұржамал басқару саласында өзінің асқан ұйымдастырушылық қабілеті­мен ерек көшбасшы екенін дәлелдеді. Оқу ғимаратының екі қабатын рухани тағылымы мол стендтермен толықтырды. Ұжым мүшелері де оның ұтымды жоспарларын қолдап, материалдық жағынан көмегін аяған жоқ. Ата-аналар мен педагогикалық ұжымның үлкен үмітімен келген жаңа мектеп атауына да Нұржамал Қаршығақызы демеуші тауып, Тілеубердідей хас шебердің қолынан шыққан Д.Қонаевтың мүсінін орнатты. Бұдан кейін заңғар тұлғаға арналған мұражай ашылды. Мұражайға сәндік қолданбалы өнердің еліміздегі бірегей шебері Махмұт Құлиманов жерлесіміз құнды жәдігерлерін сыйға тартты. Мектебіміздің түлегі Қаншайым Изамбекова бес жүзге жуық кітап сыйлап, кітапхана қорын байытты. Осының бәрі іскер басшының тікелей себеп болуымен жүзеге асқан шаралар.
Рас, ол басшылық жасаған жыл­дары білім мекемесіндегі оқу-тәрбие саласы ерекше серпінмен дамыды. Атап айтқанда, мектепте 2016-2019, 2019-2022 жылдары «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының «Инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.М.Валиеваның басшылығымен «Мәңгілік ел құндылықтары – мектеп оқушыларының құзіреттілігін дамыту шарты», «Инновациялық білім беру – мұғалімдердің коммуникативтік-ақпараттық құзыреттілігін жетілдіру шарты» тақырыбында облыстық ғылыми тәжірибе жұмысы жүргізілді. Мектепте оқушылардың функцио­налдық сауаттылығын арттыру және сыни тұрғысынан ойлау дағды­ларын қалыптастыруда олардың әрқайсысының ерекшелігін ескере және ынтымақтастық ортада білім алуын қамтамасыз ете отырып, озық елдердің қатарына енуді ұсынған мемлекет бағдарламасын жүзеге асырды. Яғни, жаңартылған білім беру жағдайында заманауи мектеп басшысы жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ынтымақтастық ортада бірлескен жұмыс істейтін табысты көшбасшы болуы керек екенін іс-жүзінде дәлелдеді.
Еңбегі бағаланып, 2015 жылы облыстық «Үздік мектеп директоры» байқауында «Шебер басшы» аталымы бойынша жеңімпаз болғаны үшін «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығының Алғыс хатымен марапатталды. 2017-2018 жылдары екі мәрте «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының Құрмет грамотасын, Алматы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатын иеленді. Сонымен қатар Д.Қонаев атындағы қордың ұсынуымен Д.Қонаев атындағы медальмен марапатталды.
Мағжан Жұмабаев сенген «арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастардың педагогика саласында қарқыны күшті болды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін таланттар өсіп-жетілді. Басшысына қолдау білдірген, әр сөзінің астарында ақыл мен даналық жатқан, шежіре кеуде ұстаздарымызға мың тағзым. Шәкірт жүрегінде тұтанған ұшқынды жалындаған отқа айналдыра біліп, іргелі білім ордасының көшін алға сүйреп, парасат биігіне көтерілген Нұржамал Қаршығақызына айтылар алғыс шексіз!
«Ол кісіден біз бүгінге дейін көп нәрсені үйрендік, әлі де үйренеріміз жетерлік», – дейді өкше басар әріптестері. Отанымыздың өркендеуі және халқымыздың игілігі жолында әлі де талай тәнті істерді атқаратынына кәміл сенімдіміз. Соңғы екі жылда отбасы қалауымен Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы жаңадан ашылған № 46 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары лауазымы бойынша қызмет атқарып келді. Ол ұжымда да мәртебесі жоғары, абыройы асқақ екеніне сенімдіміз.
Нұржамал Қаршығақызының өміріндегі ең үлкен жетістігі – берекелі отбасы. Өмірлік жары, Алматыдағы Л.Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтының түлегі Байғали Қорғасұлымен ұзақ жыл бойы бір шаңырақтың түтінін түтетті. Екеуі бір-біріне тірек болып, барлық қиындықты бірге еңсерді. Елге сыйлы отбасы ретінде танылды. Үйінен адам қарасы үзілмейтін. Аяқ астынан келген қонаққа қабақ шытпай, барын дастарқанға қойып, табалдырықтан аттаған жанды құрметпен қарсы алатын. Оның бойындағы қазақ әйеліне тән қонақжайлылық, төзімділік, сабырлылық пен кең жүректілік осы шаңырақтың берекесін арттыра түсті. Берік отбасының сыры да осында болса керек.
Балаларының жетістігі – ата-ананың маңдай тері мен тәрбиесінің жемісі. Нұржамал Қаршығақызы балаларына ең алдымен адам болуды, үлкенді сыйлауды, еңбек етуді және адалдықты үйретті. Балалары орта мектепті «Алтын белгі», «Үздік аттестатпен» аяқтады. Тұңғышы Қайсар мен одан кейінгі қызы Лаура жоғары оқу орнын тәмамдаған соң күштік құрылымдар саласында еңбек етуде. Дәулет пен кенжесі Маржан да жоғары білімді. Өздері таңдаған мамандықтарына сай қызмет атқаруда. Ата-аналары мейіріміне бөлеп, балаларының қуанышы мен қиындығын бірге бөлісіп, оларға әрдайым ақылшы, қамқор бола білді. Бүгінде олар немерелерінің де сүйікті әжесі мен атасына айналып, үлкен әулеттің алтын қазығы болып отыр. Қарапайымдылық, кішіпейілділік, мейірімділік, сабырлылық, еңбек­қорлық, қонақжайлық – осының барлығы Нұржамалдың бар болмысын айқындайды.
Құрметті Нұржамал Қаршығақызы!
Зейнет жасыңыз құтты болсын! Қанатыңыз талмасын, қажыр-қайратыңыз қашанда арта бергей. Ұл-қыздарыңыздың қызығын молынан көріңіз, отбасында мәуелі бәйтеректей жапырақ жайып, өркендей беруіңізге тілектеспіз!

Серік Оразалиев,
Күлжақан Нақыбаева және
Ұйғыр ауданындағы Д.Қонаев атындағы орта мектеп ұжымы

↑