Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ӨНЕРІМЕН ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҒЫН ТАНЫТҚАН АҚЕРКЕ

ӨНЕРІМЕН ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҒЫН ТАНЫТҚАН АҚЕРКЕ

106 қаралым

Өмірдің сынағы адамды әлсіретуі де, шыңдауы да мүмкін. Ал сол сынаққа мойымай, өз бойындағы өнерді серік етіп, өзгелерге үміт пен жігер сыйлау – үлкен ерлік. Ақерке Сүлейманның тағдыры мен өнер жолы осыны дәлелдейді.

10 қараша күні Нұрғиса Тілендиев атындағы Іле аудандық мәдениет үйінде жас өнерпаз Ақерке Сүлейманның «Мен сені сүйем, Өмір!» атты қайырымдылық ән кеші өтті. Кештің басты мақсаты – Ақеркенің шетелде жасалуы тиіс күрделі отасына қажетті қаражат жинауға қолдау көрсету.

Жастайынан денсаулығына байланысты қоларбаға таңылған Ақерке тағдырдың ауыр сынағына мойымай, өнерді өмірінің мәніне айналдырған. Ән айту арқылы өзінің ішкі жан дүниесін жеткізіп қана қоймай, айналасына өмірге деген сүйіспеншілік пен сенім сыйлап келеді.

Оның ұйымдастырған қайырымдылық кеші де осы ұстанымның жарқын көрінісі болды. «Мен сені сүйем, Өмір!» деген атаудың өзінде Ақеркенің өмірге деген ерекше көзқарасы, қиындыққа қарамастан алға ұмтылысы жатыр.

Кешке Іле ауданының тұрғындары белсенді қатысып, жас өнерпазға қолдау көрсетті. Мәдениет үйінің 400 орындық залы көрерменге лық толды. Кеш барысында Ақеркенің орындауындағы әндер көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, әрбір әннен кейін залда ерекше қошемет естілді.

Бұл – жай ғана концерт емес, елдің бірлігі мен жанашырлығының, қайырымдылық пен адамгершіліктің көрінісі болды. Өйткені қиын сәтте жанынан табылып, қолдау көрсету – қоғамның рухани құндылықтарының бірі.

Кеш барысында Іле ауданы әкімінің орынбасары Асқар Жұмаханұлы Садықов сахна төріне көтеріліп, аудан әкімі Қайыржан Серікбайұлы Жақсымбетовтың құттықтауын жеткізді. Ақеркеге алдағы емінің сәтті өтуіне, денсаулығының жақсаруына және армандарының орындалуына тілектестік білдіріп, алғыс хат пен гүл шоғын табыстады.

Ақеркенің өнері көрерменге ерекше әсер сыйлады. Оның әрбір орындауынан өмірге деген құштарлық, қайсарлық пен үміт сезілді. Ол өзінің тағдыры арқылы қиындыққа қарамастан арманға ұмтылуға, өмірдің әр сәтін бағалауға үндейді.

Жас өнерпаздың бұл кеші көпшілікке ой салды. Кейде адамға үлкен қолдау көрсету үшін көп нәрсе қажет емес. Жылы сөз, шынайы ықылас, жанашырлық пен қолдау – қиын кезеңде адамға үлкен күш береді.

Ақеркенің «Мен сені сүйем, Өмір!» атты ән кеші – өнердің адамға рух беретін қуатын, қайсарлық пен үміттің ешқашан үзілмеуі керектігін көрсеткен тағылымды шара болды.

Ақеркенің өмірге деген құштарлығы, өнерге деген сүйіспеншілігі көпшілікке үлгі. Алдағы күрделі емі сәтті өтіп, денсаулығы жақсарып, армандары орындалсын. Сахна төрінде әлі талай ән шырқап, өз өнерімен талай жанға қуаныш сыйлай берсін!

Ақерке, сенің «Мен сені сүйем, Өмір!» деген әнің – өзіңнің ғана емес, өмірді бағалай білетін барша жанның жүрегіндегі ән болсын!

Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі

↑