Перейти к содержимому

Талғардан шыққан чемпион

168 қаралым

Талғар ауданы Кеңдала ауылында туған қайсар мінезді қаршадай қыз Әнел Тәшбай Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жасөспірімдер арасындағы жазғы Олимпиада ойындарында тас жолдағы велоспорттан чемпион атанды. Көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелетті.

Әрине, кез келген жеңіс оңайлықпен келмейді. Ол ­– ұзақ жыл бойы ерінбей еткен еңбек пен төгілген тердің, спортқа деген құштарлықтың, туған елін әлемге әйгілі етсем деген асқақ арман мен мақсатты ұмтылыстың нәтижесі. Бұл – әкенің қаны, ананың сүтімен берілген қасиеттің, тәрбиенің жемісі. Мұнда «болайын деп тұрған баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, қаршадай қыздың бойында қайсар мінез, қажымас қайрат бер екенін байқаған бапкердің еңбегі, ел батасының қабыл болуы деген сөз.
Әнел тас жолдағы велоспорттан жеке жарыста тиісті қашықтықты 11 минут 32,57 секундта жүріп өтіп, үздік нәтиже көрсетті. Сөйтіп, мәре сызығын екінші орынды иемденген Каролина Хайдуковадан – 5.05, үшінші орындағы Ангелина Новолодскаядан – 11.08 секунд бұрын кесіп өтті.
Қуанышты хабарды естігеннен кейін су жаңа Олимпиада чемпионының жақындары мен Талғар қаласындағы Андрей Кивилев атындағы велоспорт бойынша мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебіне хабарласып, құттықтауымызды жеткіздік әрі бір-екі ауыз Әнел жайлы айтып беруін өтіндік.
– Тілек-ниетіңізге рахмет! 2009 жылы дүниеге келіп, Кеңдала аулындағы №36 мектепте білім алған Әнел кішкентайынан спортқа қызығып өсті. Алғашында волейбол, дзюдо және бимен айналысты. Ал 12 жасында велоспортпен шұғылдана бастады. Жаттығудан қалған емес. Соның арқасы шығар, бұдан бұрын да талай жетістікке жеткен.
«Баласы атқа мінсе, анасы үйде отырып тақымын қысады» демекші, ол жарысқа кеткенде біз мына жақта тілеуін тілеп, қобалжып отырамыз. Әнелдің жеңісі – тек біздің әулет, аудан, облыс үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін зор мақтаныш, – деді әпкесі Дина Тәшбай.
Ал олимпиадалық резерв мектебінің басшысы Сергей Третьяков Әнелдің алғашқы бапкерлері Сергей Цуканов пен Владимир Бушанскийдің еңбегі зор екенін айтты.
– Дәл осы азаматтар қыз баланың бойындағы спортқа деген ептілік пен табандылықты жазбай танығанына тәнті боласың. Әуелгі кезде біз тәрбиеледік. Қазір Әнел Алматы қаласындағы Кәркен Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне оқып жүр. 2023 жылы Қазақстан чемпионы болса, 2025 жылы Манамада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында топ жарды. Биыл Сауд Арабиясында өткен сайыста жеңіс тұғырына көтерілді. Бұйыртса, әлі ересектер арасындағы талай сайыстың жеңімпазы атанады деп сенемін, – деді Сергей Третьяков.

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы

↑