«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Алатау қаласының Жаңадәуір және Жаңаталап шағынаудандарында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Сенбілікке Алатау қаласы әкімдігінің қызметкерлері, қала белсенділері мен еріктілер қатысып, туған қаланың тазалығына өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында шағынаудандардың көшелері қоқыстардан тазартылып, жиналған жапырақ үйінділері шығарылды. Қатысушылар қоғамдық орындар мен көшелердің тазалығына назар аударып, абаттандыру жұмыстарына белсене атсалысты.
Сенбіліктің маңыздылығына тоқталған Алатау қаласы қоғамдық кеңесінің төрайымы Риза Санаққызы өз ойын былайша сабақтады.
«Қаламызды таза ұстау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тазалық тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті өмірімізде де сақталуы тиіс. Әрбір тұрғын өз ауласы мен көшесінің тазалығына жауапкершілікпен қараса, қаламыз көркейіп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптасады. Осы орайда қала тұрғындарын да осындай игі бастамаларға белсенді қатысып, сенбілік жұмыстарына өз үлестерін қосуға шақырамын», – деді ол.
Мұндай игі бастамалар қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға және қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған.
Тазалық – ортақ жауапкершілік! Таза қала – жарқын болашақ кепілі!
Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

